Қасымбек Датқа ауылының тұрғындары нәжіс иісіне тұншығып отыр

1018

Сайрам ауданы Қасымбек Датқа ауылының тұрғындары 4 жылдан бері нәжіс иісінен тұншығып келеді. Оған көшеге аққан кәріз жүйесінің қалдығын қосыңыз. Есіктің алдын көл қылған сасық судан әбден мезі болған халықтың шағым айтып бармаған жері жоқ. Қай есікті қақса да, «біз жауап бермейміз» деп шығарып салады екен.

Қасымбек датқа ауылының тұрғындарын титықтатқан мынау көпқабатты үйдің қалдығы құйылатын құдық. Септиктен тасыған нәжістен көшеде жүруден қалған. Дер кезінде тазаланбайтын нәжіс тасып, жолға ағады. Иісі қолқаны қабады.

Нұрбибі Қопабаева, Қасымбек Датқа ауылының тұрғыны: «Біреудің сарып кеткен жаман суына біз жауап береміз бе?» Біз оны қалай тазалаймыз? Енді біздің ақшамыз бала-шағамды асырауға жете ме жоқ әлде мына септик тазалауға жете ме? Қышынамыз бәріміз. Үйден бе деп дезинфекция жасадық».

48 пәтерден шыққан қалдық күніне бір-ақ рет тазаланады екен. Кешке жақын ол қайта толып, тағы да тасиды. Сондықтан нәжістің иісіне мұндағы тұрғындар түнде де тұншығып ұйықтауға мәжбүр. Ал тазарту жұмыстары жүргізілмейтін сенбі-жексенбі күндері тіптен азап, дейді тұрғындар.

Ақмал Абдураев, ауыл тұрғыны: «Бүгін сіздер келеді деп 6 машина сорып кетті. Сіздер келеді деп калонка шығарып, мына жердің бәрін реттестіріп қойды. Енді білмеймін. Уақытша ғой бәрі». Көзбояушылық».

Әншейінде көлеңкесін көрсетпейтін «Сайрамтазалық» өкілдері да табанда табыла қалды. Онда да, басшысы тасалап жүріп, көптің ортасына қызметкерін жұмсады. Әдеттегідей табылған шешім мәселенің себебімен емес, салдарымен күресу.

Ахат Қыстаубаев, «Сайрам-Тазалық» ЖШС-нің заңгері: «Біз енді осы көпқабатты үйдің тұрғындарының суын өшіреміз. Олар сырттан су алып келіп ішетін болады. Септикті жабамыз».

Бір тараптың ашуын баспақ болған бұл шешім екінші тараптың ызасын тудырды. Коммуналдық қызмет өкілінің сөзі жағдайды мүлдем өршітіп жіберді.

Көпқабатты үйдің тұрғыны: «Ондайға рұқсат бермеймін. Өйткені, дәретхана үйдің ішінде. Сасып бықсып отыра алмаймыз. Шелекпен қашанғы қолмен тасып құясың».

Елдестірудің орнына екі жақты бір-біріне алакөз етіп алған өкіл ақырында «септик бізге қарамайды» деп ат-тонын ала қашты. Қанша жалтарса да, ақыр соңында көпқабатты 3 үйге тиесілі септиктің көлемі кішкентай екенін мойындады.

Ақжол Жақыпбек, Сайрам ауданы ТҮКШ-нің сектор меңгерушісі: «Кішкентай септик, Септиктің көлемі 150 шаршы метр. Сондықтан мұндағы шыққан су, септикке сыймайды да, 3 үйдің суы. Енді жер мәселесі шешілсе, біз құрылысты жасап, тазарту жүйесін құрып береміз».

Айта өтейік, 3 бірдей көпқабатты үй осыдан 5 жыл бұрын әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлестірілген. Нысан тұрғызылғалы сасық иістен зәрезап болғандар жаңа септик салынғанға дейін амал жоқ шыдауына тура келеді. Әрине, шенеуніктер уәдесінде тұрса.

Айя Мүтәлі