Леңгір қаласының тұрғындары нәжіс иісіне тұншығып отыр

97

Леңгір қаласындағы 1 мөлтек аудан тұрғындары нәжіс иісіне тұншығып отыр. Ол аз болғандай аумақтағы көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғалары сөгіліп, ойын алаңшалары мен көшелерді жарықтандыру мәселесі де шешілмеген. Ал 2016 жылы мемлекеттік бағдарламамен алған үйлерін тұрғындар әлі күнге жөндеумен келеді.

Төле би ауданында көпқабатты үй тұрғындары нәжіс иісіне тұншығып отыр. Себебі сынған кәріз құбырынан төгілген қалдық, жертөлеге жиналып қалған. Ал оның иісі қолқаны қабады. Тұрғындардың айтуынша бұл жағдай жыл сайын қайталанып отырады екен. Сонымен қатар, бұл айтулы аймақтағы қордаланған проблеманың бір парасы ғана.

Айтып өткеніміздей амақта бұдан өзге шешімін таппаған мәселелер де шаш етектен. Мәселен, мынау 5 қабатты үйлер 2016 жылы Тәуелсіздік күніне орай салынған болатын. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер кілтін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әскерилерге, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне және аз қамтылған отбасыларға үлестірді. Дегенмен бұл баспанаға қатысты проблемалар сол кездің өзінде ақ пайда болған. Атап айтқанда, үй ауласында балаларға арналған ойын алаңшалары жасалмаған.

Жаңбыр жауса үй ауласы балшыққа айналып, көшелерде көлшіктер пайда болады екен. Сондай-ақ, жол жиегінде жарық шамдары орнатылмағандықтан тұрғындар кешкісін балаларын сыртқа шығара алмай отыр.

Ал мына үйді жергілікті халық «Кеме үй» деп атайды. Себебі жауын жауса суы осы жерге жиналып, айналасы ми батпаққа айналады екен. Тұрғын жайдағы проблемалар мұнымен бітпейді. Мысалы, мұндағы мүгедектерге арналған пандуспен мүмкіндігі шектеулі тұрмақ, 12 мүшесі сау адам да көтеріле алмайды.

Тұрғын: «Барлық қабаттарда осылай есептеу құралдары ашық тұрады. Есікті қатты ашып жіберсең, мына трубалары жарылып кетеді. Қараңыздар барлық жерлері ашық, ешқандай техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмаған».

Баспаналарының қауіпсіздігі үшін шырылдаған тұрғындар, жауаптылардың құр уәдемен уақыт созып келе жатқанына наразы. Ал жергілікті билік өкілдері, әдеттегідей «барлық мәселе алдағы уақытта шешімін табады» деген жауаптан танған жоқ.

Шағынауданда арнайы көлік тұрағы да жоқ. Ал көшелері тым тар болғандықтан жол бойына 1 көлік қойылса, жол кептеліп үй маңына кіріп шығу мұңға айналады.

Қысқасы Леңгір қаласындағы мөлтекауданда шешілмеген мәселе шаш етектен. Ал жергілікті биліктің орындалмайтын уәдесіне әбден тойған тұрғындар, мәселені тікелей Президенттің назарына ұсынамыз деп отыр.