8 балалы ана мемлекеттен ешқандай жәрдемақы ала алмай отыр. Басты себеп: азаматтығының болмауы. Қазақстанға көшіп келген 17 жыл ішінде азаматтық алу үшін қақпаған есігім, бармаған мекемем қалмады деп зар илеп отыр.
Ахмет үйдегі бесінші бала. Әкесі осы күнге дейін 7 рет ота жасатса, анасы туғаннан 3-топ мүгедегі. Өзінен үлкен ағалары нан табу үшін таң атысы, кеш батысы жұмыста. Осының бәрі ерте есейткен. Сабағы біткеннен кейін көршілерінің қорадағы малын қарап, қант-шәйінің ақшасын алады. Осының барлығын 14 жастағы жасөспірімді ерте есейткен. Анасы Манзура Муминова 2002 жылы Қазақстанға күйеуі, 3 баласымен келген. Бүгінде 8 балалы болып отыр. Алайда, әлі күнге дейін азаматтығы жоқ. Құжаты болмағандықтан жәрдемақыдан да қағылып отыр.
Манзура Муминова, көпбалалы ана: “Балалардың ақшасын туралайын деп бардым. Қолымда құжат болмағаннан кейін ештеңе бере алмаймыз саған деді. Жақында 21 мыңдық ақша шықты ғой сол кезде тағы бардық біз. Көмек бар ма деп. Үлкен баламда тұрғылықты тұруға рұқсаты бар. Соған түсірсек бола ма деген едік. Жоқ, болмайды дейді. Сонымен қайттық. Мына қызым тұтығып сөйлейді. Оны да ауруханаға апарып көрсету керек. Құжат болмаған соң, ол жақтан да көмек жоқ.
Ал көші-қон қызметінің өкілдері бұл отбасынан азаматтық туралы арыздың түспегенін айтады. Біздің өтінішімізбен Манзура Муминова туралы орталық базадағы деректерді тексеріп оның және отбасының құжат алуына кедергінің жоғын анықтады.
Гүлжан Нысанбаева, Шымкент қаласы Полиция департаментінің азаматтық бөлімінің басшысы: “Бұл жағдайда азаматша Муминова Манзура Ұлттық паспортының мерзіміне сәйкес шетелдік азаматтың ықтиярлығы бітуіне байланысты көші-қон басқармасына Өзбекстан Республикасының елшілігіне жіберілетін анықтаманы алу керек. Ол елшіліктен Өзбекстан Республикасының азаматтығынан бас тартқандығы немесе жоғалтқандығы жайлы анықтаманы алуы тиіс. Одан кейінгі кезекте азаматтығы жоқ деп танылып, сол бойынша құжат беріледі”.
Егер тиісті анықтамалары болса Манзура Муминова отбасымен бірге 2 жыл ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алып, мемлекет тарапынан берілетін барлық жәрдемақы мен көмекке қол жеткізеді.
Меруерт Ахан