БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫ ҰЛЫҚТАЙ АЛЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

357

4 сәуір – Бекзат Саттархановтың туған күні. Ер Бекзаттың 39 жасқа толар күні. Сиднейде алтын алған сәтінен есімі үмітке айналған ұлға сағыныштың қос жанарды жасқа шылайтын күні.
Барша жұрттың өкінішіне, қылаңдап шапқан құла тай Бекзат қазақтың маңдайына сыймай, жиырма жасында қара тасты майыстырып, халықтың қабырғасын қайыстырып, о дүниеге кете барды.

Әттең…

Бес жылда жасындай жарқ етіп, 20 жасында арамыздан мәңгілікке алыстаған чемпион туып-өскен Түркістанға барып, ата-анасымен әңгімелестік.
Түркістанда Бекзат атында спорт кешені, даңғыл және шағынаудан бар екен. Халық чемпионның ата-анасын жақсы таниды. Сондықтан да батырдың туған үйін тез таптық. Анасы Сырлыкүл ауырып, төсек тартып қалыпты. Бізді отағасы Сейілхан аға қарсы алды. Өте қарапайым, ақкөңіл, ашық-жарқын кісі. Осы қасиеті Бекзатқа да дарыған екен. Сейілхан ағаның айтуында, Бекзат – қарапайым, тәртіпті, төзімді, ізденімпаз, намысқой, арманшыл, иманға бет бұрған ұл болған. Бұған көп те куә.

«БЕКЗАТ» АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕН ЖОҚ

Бүгінде Бекзаттың дүниеден озғанына 19 жылдан асты. Бекзаттың сүрген жасына жетер-жетпес уақыт. Ал біз мыңжылдықтар тоғысында қазаққа олимпиада алтынын сыйлаған оғланымызды бүгінде өз дәрежесінде ұлықтай алып жүрміз бе?
Сейілхан Саттархановтың айтуынша, бүгінде Шымкентте Бекзат есімімен облыстық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты, Түркістанда спорт кешені мен көше ал Кентауда балалар спорттық мектебі бар.
Түркістандағы спорт кешенінің маңдайшасында Бекзаттың аты жазылғанымен құжат жүзінде Ә. Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтерін дайындайтын арнайы балалар мен жасөспірімдер мектебі аталады.
– Бекзаттан кейін олимпиада чемпионы болған қыз-жігіттердің құрметіне заманауи спорт кешендері салынып жатыр. Ал Бекзаттың есімімен ондай спорт сарайы жоқ. Жасырып қайтемін, Түркістанға кіреберістегі спорт кешенінің маңдайшасына Бекзаттың аты-жөні жазылғанымен ол құжат жүзінде Бекзаттың атындағы спорт кешен емес. Құжат бойынша атауы – Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтерін дайындайтын арнайы балалар мен жасөспірімдер мектебі. Оны мұндағы құзырлылар да, халық та жақсы біледі,-дейді Сейілхан аға.
Түркістандағы Бекзат спорт кешені Бекзат Саттарханов даңғылында орналасқан. Екі жолақ қосылып, 4 жолақты болмақ. Жан-жағына жаяу жүргіншілер жолы түседі. Осы мақсатта көше бойындағы 109 жеке сектор мен 85 коммерциялық ғимарат орналасқан жер мемлекет мұқтаждығына алынып, сүрілу жұмыстары басталыпты.
Ал, спорт кешені алдағы уақытта қайта күрделі жөндеуден өткен. Оның сырты мен іші толығымен жаңартылады.
Сейілхан әке ендігі жерде облыс орталығында жаңадан бой көтеретін халықаралық типтегі стандион немесе спорт кешеніне Бекзат есімі ауызша емес, құжат жүзінде берілсе екен, деп тілек етеді.

КӨШЕГЕ БЕКЗАТТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ…

– Жақсылық Үшкемпіровтен кейін (1980ж) Олимпиадада алтын алған қазақ баласы болмаған. Араға 20 жыл салып қазақ халқы аңсаған алтынды ел қоржынына салған Бекзат еді. Сондықтан да, оған қандай құрмет көрсетілсе де жарасады,-дейді Сейілхан.
Айтуынша, еліміздің бас қалаларындағы үлкен көшелерге Бекзаттың есімі берілсе құба-құп. Бас қалаларда жаңадан бой көтеріп жатқан аудандарда көптеген көшелердің атауы жоқ. Кейбір көшелердің атауы қайталанады. Және бір көшелерге түсініксіз атаулар берілген. Сондықтан да, Бекзаттай біртуар ұлды дүниеге әкелген әкенің бұл ұсынысы орынды-ақ.

ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ АТАҒЫНА ӘБДЕН ЛАЙЫҚТЫ!

иднейдегі жеңісінен кейін, Елбасы Бекзатқа І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Тарихта Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде қалды. Ендігі кезекте оның ата-анасы мен бокстағы әріптес-достары Бекзатқа «Халық қаһарманы» атағы берілуін қалайды. Осы ұсынысын айтып талай табалдырықты тоздырғанын айтады. Бірақ, әлі күнге еленбей назардан тыс қалып келеді.
– Бұл атақты алу үшін өнер адамы болуы шарт па? Не әнші, не жазушы болмаса, бермей ме? Осы уақытқа дейін бұл атақты алған бірде бір спортшы жоқ. Бекзатқа берсе жараспай ма? 20 жасында қазақ халқы аңсап күткен Олимпиада алтынын қазақ еліне сыйлаған Бекзат бұл атаққа әбден лайық. Қазақтың қоржынына бір емес екі алтын, 2 күміс түскен күн – 1 қазанды күнтізбеге «Даңқ күні» ретінде енгізу мәселесі де осы күннің өзекті тақырыбының бірі. Өкінішке қарай, бұл мәселеге де назар аударып жатқан жан шамалы,- дейді Бекзаттың әкесі.

АРТЫНДА ТҰЯҚ ҚАЛМАҒАНЫНА ӨКІНЕДІ

Елім деп, жерім деп қазақтың атын қайтсем де алты құрлыққа танытамын, қазақтың көк туын спорттық олимпте желбіретемін деп спортқа бар күш-жігерін салған Бекзат өзінің жеке өмірін екінші орынға ысырған екен.
– Ол жас болып қыдырған да жоқ. Қызға сөз салып, қол ұстасып жүруге де уақыты болмады. Оның мақсаты олимпиадаға бару еді. Сондықтан да тынымсыз жаттығулар, спаррингтер, жарыс-тар. Спортқа ден қойған бозбаланың 5 жылы осылай өтті. Олимпиададан жүлдемен оралған соң ол бар-жоғы 90 күн өмір сүрді. Яғни 3 ай. Қызбен танысып, онымен жүрмек түгілі үйдің бетін көрмеді. 1 ай бойы Елбасының бұйрығымен солтүстік аудандарды аралады. Одан соң тағы да 2 ай бойы Шымкенттегі, Түркістандағы шақырту-жиындардан қолы босамады,- дейді Сейілхан аға.
Бірақ, әңгіме барысында Сейілхан әке жан жары Сырлыкүл жеңгейдің 1 жыл бойы өз үмітін үзбегенін айтады. «Жас бозбала ғой. Бәлкім көңіл жарастырған қызы болған шығар. Немесе анда-мында жарыстарға барғанда не достарымен бас қосқанда ойнап-күліп қойған шығар. Бәлкім ұлымның артында бір түйір тұяқ қалған болар» деп, хабар күтті. Өтірік болса да «Бекзаттың баласы» деп келген қыз болса қабылдауға дайын еді. Бірақ, ешкім келмеді.

ТУРНИР ӨТУДЕ…

Айта кетейік, 2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. Биыл аталған турнир XVIII рет ұйымдастырылды. Оған 5 мемлекеттен 166 спортшы қатысып бақтарын сынады.
– Көзі жоқтың өзі жоқ демей, Бекзатты еске алуға арналған бұдан да басқа турнирлер мен жарыстарды өткізуге қазақ елінің жағдайы бар. Сондықтан да, осы жалғыз турнирмен шектеліп қалмай, оқушылар, жасөспірімдер арасында Бекзаттың есімін ұлықтауға арналған жарыстар жиі-жиі өткізілсе, өсіп келе жатқан жас ұрпақ оны танып өседі. Ал қазіргі жастардың дені Бекзатты білмейді. Сондықтан да ертең біздің көзіміз тайса, Бекзаттың есімі еленбей тасада қалып қояма дейміз,- дейді Бекзаттың әкесі.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №14, 3 сәуір 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті