Түркістан облыстық мәслихатының аумақтардың дамуы және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясы алдағы отырысында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының есебі қаралады.Осыған орай сала мамандарымен өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен етене танысу мақсатында депутаттар Арыс ауданына барып қайтты.
Халық қалаулыларының алғашқы танысқан нысаны Арыс ауданындағы 41 разъездегі жер қойнауын пайдаланушы «Құрылыс сауда сервис» мекемесі. Тиесілі 12,5 гектар жерде серіктестік құм өндіруде. Кезекті нысан 45 гектарды 2023 жылға дейін иелегіне алған «Алтын құм» серіктестігінің жері. Мұнда да пайдалы қазбарды өндіру бойынша жұмыс қарқын алған.
Әбутәліп Ерімбетов, кәсіпкер: «Біз салықтың барлығын төлеп келеміз. Қарап тұрсаңыздар, алғашқыда бірінші өңдеуден есептелетін салықтың мөлшері. Кейін ол алынып тасталып, өзіндік құны көлеміне қарай есептелінетін болды. Қазір ол 30 пайыз. Мәселен, егерде өзіндік құны 300 теңге болса, оның 100 теңгесін салық төлейсіз, оған тағы 12 пайызды қосыңыз. Тоқ етері 70 пайыз салық төлеп келеміз, табыс жоқ».
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі бойынша облыс аумағында 190 жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар тіркелген. Оның ішінде басым бөлігі кең таралған пайдалы қазбалар, 38-і қатты пайдалы қазбалар және 28-і жер асты сулары бойынша. Депутаттар тас -шағал сияқты пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты сын ескертпелерін жеткізді.
Мұрат Төлтебаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты: «Сайрамдағы өзендердің арнасынан шағал тас алынып жатыр деген арыз түсті. Олар заңды алып жатыр ма, рұқсат құжаттары болса, ережеге сәйкес жұмысын жүргізіп жатыр ма? Осы тұстар басқарма тарапынан тексеріліп тұруы тиіс. Алдағы тұрақты комиссия отырысында басқарманың жұмысы талқыланады. Өзіміздің ұсынысымызды, сын ескертпелерімізді сонда дәйекті дәлелдермен жеткіземіз».
Жер қойнауын пайдалануды тоқтату бойынша басқарма прокуратура органдарымен бірлесіп өңірлік іс — шара жоспары әзірленген екен. Нәтижесінде заңсыз жер пайдаланудың құқықбұзышылықтары көп орын алатын Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Арыста жұмыс атқарылған.
Нариман Қасымбеков, басқармадағы бөлім басшысы: «Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында Кентау, Ордабасы, Сайрам аудандарында жұмыс жүргізіліп, 6 заңсыз жер қойнауын пайдалану деректері анықталды. Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, 22 жеке тұлғаға қатысты 2 645,5 мың теңге айыппұл салынып, оның жартысы өндірілген. Жергілікті полиция қызметімен 114,3 мың теңге айыппұл салынған. Қала мен аудандарда мобильді топтар жұмыс жүргізуде».
Басқарманың атқарған жұмысы бойынша есебі облыстық мәслихатының аумақтардың дамуы және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қаралады. Баға 13 маусымда өтетін сессияда беріледі.
Шынар Оразова