Биылғы ауа-райының қолайсыз жағдайларына байланысты көктемгі егіске агротехникалық дайындық іс-шаралары кешеуілдеуде. Сондықтан, шаруа қожалықтарына көктемгі дала жұмыстарын өте қысқа мерзімде сапалы жүргізу қажет етілуде.
Бүгін дәл осы мәселелердің алдын алу үшін Мақтаарал ауданында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу барысы және мақта егу науқанына дайындық» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов төрағалық еткен алқалы жиынға Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ-ның директоры И.Үмбетаев, облыстық мәслихаттың депутаты С.Бекенов, «Бескетік» АӨК-нің төрағасы Т.Бердалиев, Мақтаарал аудандық аумақтық инспекция басшысы Қ.Құдайбергенов және ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы бойынша мамандар қатысты.
Семинар-кеңесте алғаш болып сөз алған Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры И.Үмбетаев ауа-райының қолайсыздығынан соңғы 4 жылда көктемгі дала жұмыстары 15-20 күнге кешігуі орын алып жатқанын тілге тиек етті. Академик ғалым көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін тік кәрізді ұңғымалардың жұмыс қарқындылығы арттыруды, топырақты кешенді үнемді өңдеу технологиясын пайдалануды, мақта қозасының тұқымын тиімді мерзімде және тиімді мөлшерде себуді, пісіп-жетілуі қысқа мерзімді отандық мақта сорттарын ғана пайдалануды, топырақты қопсыту шаралары және өсімдікті минералды тыңайтқыштармен қоректендіру ерекшеліктерін тиімді жүргізуді шаруаларға ұсынды.
«Көктемгі егіс жұмыстарын ауа-райының орнықты кезеңін бақылап, сапалы және өз уақтысында жүргізу керек, сонда ғана тұқымдық шиттер сапалы әрі біркелкі өніп шығуына, өсуіне, арамшөптердің көзін жоюға мүмкіндік туады. Сондықтан да, барша шаруа қожалықтарына ағымдағы жылдың қолайсыз ауа-райы ерекшеліктерін ескере отырып, агротехникалық іс-шараларды өз уақтысында, тәртібіне сай жүргізуді ұсынамын» — деді И.Үмбетаев.
Жалпы жиын барысында көктемгі дала жұмыстары тиімді жүргізу жолдары бойынша Т.Бердалиев, С.Бекенов, Қ.Құдайбергеновтар баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 60926,3 гектар егістік жер бар болса, қазіргі таңда ерте егілген көкөніс 342 гектарды, егілген жаңа жоңышқа 1325 гектарды, жүгері 156 гектарды, егілген бақша 4422,5 гектарды, жүзім 5 гектарды құраған. Жалпы егілген егістік көлемі 6282,5 гектарға жетіп отыр.
Биыл мақтааралдық шаруалар 35 мың гектар жерге ақ алтын шитін себеді деп күтілуде. Ол үшін 1000 тоннаға жуық тұқымдық шит дайындалып, сортына қарай 230-350 теңге аралығында сатылуда. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарына 954 ауыл шаруашылығы тракторлары, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары қатысуда.