Енді мектептерде қаржы ашық түрде жиналады. Ол үшін білім ұяларына терминал қондырылмақ. Шымкент қаласында басталып жатқан тың жоба қыркүйек айына дейін іске асады. Бұл туралы №80 мектеп директоры мәлімдеді. Айта кетейік, пилоттық жоба дәл осы мектептен басталады.

Терминал арқылы қаржыландырылу — бұл жемқорлықты жоюдың бірден бір жолы. Осылай деген №80 мектеп директоры білім ұялары сәл де болса қалталы азаматтардың көмегіне мұқтаж екендігін мойындады. Айтуынша, ұстаздардың құрал-жабдығына мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Сондықтан осындай амалға жүгінуден басқа жол жоқ екен.

Терминал әлі қойылып үлгермегенімен, оған қаржы салғысы келетіндер қазірден табылып жатыр. Олардың дені бөтен емес, ата-аналар. Ешкімді мәжбүрлемейміз деген басшы түскен ақшаны мұғалімдер мұқтажына ғана емес, оқушылардың өзіне де жұмсамақ.

Ағымдағы оқу жылында №80 мектепке бюджеттен 2 млн. теңге қаржы бөлінген. Осылай деген Сәуле Қалыбекова берілген ақшаның мектептің жөндеу жұмыстарына жіберілгенін жеткізді. Осы орайда да, бюджеттен қаржы бөлінгенімен білім ұясын баптап ұстау ата-ананың көмегінсіз болмайды.

Ал, терминалға түскен қаржының есебі ресми жүргізіліп, ашық көрсетіліп отырады.

Назерке Үкібасова