Мемлекеттік бағдарламамен берілген пәтердің сапасы сын көтермейді

182

Мемлекеттік бағдарламамен берілген пәтердің сапасы сын көтермейді. Осылай деп арнамызға шағымданған Светлана Манакова жаңа үйіне көше алмай жүр. Бәріне пәтерінен шығатын қолаңса иісі мен көгерген қабырғалар себеп. Құрылысы жақында ғана аяқталған үйді кейуана 12 жыл бойы күткен. Бірақ күткен қуанышы су сепкендей басылып отыр.

Мынау Светлана Манакованың 12 жыл бойы кезекте тұрып, қол жеткізген пәтерінің сиқы. Жаңа баспананы Светлананың күйеуі көрмей кетіпті. Ол 3 жыл бұрын көз жұмған. Ал 2 перзенті дімкәс. Тұрмыс тауқыметін тартып жүрген ол жақында ғана алған пәтеріне аса қуана алмай отыр.

Светлана Манакова, пәтер иесі: «Мен өзім гипертоникпін. Қызым аллергиямен ауырады. Мен мұндай зең басқан үйде қалай өмір сүремін? Осы уақытқа дейін жалғыз өзім қос қызымды алып пәтерден пәтерге сенделдім. Сонша жыл күткен үйім осындай болып шықты. Иісі жан шыдатпайды».

Сөйтсек, дәл осы баспана бойынша жалғыз Светлананың пәтері адам тұрғысыз күйге түскен екен. Мұның себебін еш түсіне алмаған Манаковаға құрылыс компаниясының айтар уәжі бар.

Осылайша, мердігерлер өздері жіберген кемшілікті өздері жөндейтін болды. Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 38 мың адам баспана алуға кезекте тұр. Олардың 15 мыңы әлеуметтік аз қамтылған топқа жатады.

Назерке Үкібасова