«Оңай» төлем жүйесі жыл соңына дейін енгізіледі

206

Шымкентте қоғамдық көліктерде электрондық билеттерді енгізу мәселесі сөз болғанына бірнеше жыл болды. Алайда көлеңкелі табысы көп салаға жаңашылдық енгізу әзірге жүзеге асатын емес.

Одан қалса, миллионнан аса тұрғыны бар мегаполисте қоғамдық көліктер қанша жолаушы тасымалдайтынының нақты есебін әлі ешкім шығара алмай келеді. Өйткені, автобустардың дені жолаушыдан жолкіре алғанымен, билет бермейді. Осы олқылық салдарынан қазына қанша қаржыдан қағылып жатыр?

Шымкентте 1100-ден астам қоғамдық көлік бар. Олардың жолаушы тасымалдаудан түскен табысын жасыруға тырысатынының бір дәлелі — жолақы төлегеніңді растайтын билет бермейді.

Ал, кондукторлар билет таратамыз деп ақталады. Тек билет оны таратуға тиіс тұлғаның қолында емес, жүргізушінің алдында жатыр.

Тасымалдаушы компаниялар болса жолақысын төлегеннің бәріне билет береміз деп міз бақпайды. Бірақ, берілген билетінің өзі былтырғы. Тасымалдаушы компания өкілінің оған айтар уәжі де дайын.

Әбдібек Үкібаев, «Green bus company» ЖШС -і директорының орынбасары: “Өте үлкен ауқымда алдыртамыз. Компания билетті өз есебінен алдыртады. Көп алынған соң, таратылуы да ұзақ мерзімге созылады».

Ал, қоғамдық көліктегі тәртіпті қадағалайтын мамандардың кімнің сойылын соғары түсініксіз. Олардың айтары — билеттің шыққан жылы маңызды емес. Сериясы мен реттік номері болса болды екен. Ал билет таратпайтын компаниялар ескертумен ғана құтылады.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қоғамдық көлік бөлімінің басшысы: “Заңға сәйкес айтып жатырмын, билет таратпаған компанияларға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынады. 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады».

Биыл жылдың соңына дейін қоғамдық көліктерге «Оңай» төлем жүйесі енгізіледі деп жоспарланып отыр. Сол кезден бастап қана сіз бен біздің төлеген жолақымыздың барлығы ашық түрде есептеліп, мемлекет қазынасына түседі.

Меруерт Ахан