Жолақыны электрондық билетпен төлейміз

442

Енді қалада қоғамдық көліктерде қатынау үшін электронды билеттерді пайдаланамыз. Жолақы төлемдерді «Смарт ЖКХ» компаниясының билеттерімен төлейтін күн алыс емес. Қазір бұл мәселе арнайы жиындарда талқылануда. Инвестор компания өкілдері өз ісіне сенімді, жолаушылар жаңалықтан қиындық сезінбейді деп отыр.

Шымкентте №27-ші бағытта жолаушылар тасымалдайтын «Гринбас» компаниясының жүргізушісі Алтынбек Ильясов электронды билеттеу жүйесін қолдайды. Ол ең алдымен, жолаушыға оңай болады деп есептейді. Оның үстіне өзге қалалардағы эксперимент алғашқыда қиын қабылданса да, оны дәлелдеп берді.

Аталған осы көлік компаниясы «Смарт ЖКХ» серіктестігінің электронды билеттеу жүйесін қолдап, оны тәжірибеде пайдаланбақ. Мұны қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөліміндегілер де растап отыр. Жүйенің көп тұста тиімді екеніне мамандар да сенімді. Егер өзге де көлік компаниялары бастаманы қолдаса, онда жақын арада қалалықтар қолма қол ақшамен емес, қоғамдық көлікте электронды билетпен жүре бастайды.

Қуатжан Жұматаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Смарт ЖКХ» электронды билеттеу жүйесінің артықшылығы – көлік жүргізушілері өз ара жарыспайды, жол ережесіне мұқият болады. Олардың еңбек ақысы шақырымына қарай есептелінеді. Өзектісі – ЖПС навигаторы орнатылғандықтан бекітілген кестеден ауытқымай кешкі мезгілде де қатынайды”.

Бұл мәселе жақында облыстық қоғамдық кеңес отырысында да кеңінен талқыланған. «Смарт ЖКХ» компаниясының басшылығы кеңес мүшелері алдында жүйенің пайдалы тұстарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, оны қалада енгізуге рұқсат алды.

Сержан Ақылбаев, «СМАРТ- ЖКХ» ЖШС-нің бас директоры: «Оңай» Электронды билеттеу жүйесінің Алматыдағы қоғамдық көліктерде күрделілікпен енгізілгенінен шымкенттіктер хабардар. Сауалнама барысында олар оңтүстік астанадағыдай жағдай туындамауы керек деген талаптарын бірден қойды”.

Автоматтандырылған жүйе мен цифрландыру талабы қойылған қазіргі уақытта үшінші мегаполистің тұрғындары жаңашылдықты қалай қабылдағанын байқау тіпті, қиын емес. Жүйе енгізілсе, аз ғана уақыт ішінде бәрі де белгілі болмақ.

Шынар Оразова