Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлер арасындағы телевизиялық пікірталас аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үш раундтан тұрған теледебаттың «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары» атты алғашқы раундта кандидаттар мен олардың өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Ал «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы» атты екінші раундта олар бір-біріне сұрақтар қойып, 90 секундтың ішінде қабілетін, ой ұшқырлығын танытты. «Сайлаушыларға арнау» атты үшінші раундта да кандидаттарға 90 секундтан берілген еді. Бір жарым минуттың ішінде кандидаттар іркіліп қалған жоқ.
«ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен үміткер Амангелді Таспихов еңбек адам өмірі үшін маңызды екенін атап өтті. Елдің сенімімен кезінде депутат болғанын алға тартқан ол Президент болып сайланса, өкілеттілігі аяқталғаннан кейін де ауылда тұруға дайын екенін жеткізді.
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан үміткер Дания Еспаеваның атынан Азат Перуашевтің айтуынша, «әркім жақсы өмірді армандайды». Ол Дания Еспаеваның өз өмірімен елсүйер азамат болудың үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтті. Ақжолдықтар әділдікті орнатып, жемқорлықты жеңу керектігін, Еуропадағыдай өмір сүру үшін Еуропа құндылықтарын қабылдаудың қажеттілігіне тоқталып, соңында Әлихан Бөкейханның «ес жимасақ, тарихта тезек теріп кетуіміз мүмкін» деген сөзін келтірді.
«Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен кандидат Әміржан Қосанов осы жылдар бойы демократиялық құндылықтарға талпынған әріптестерінің мұраттарына адал екенін атап өтті. Қосановтың айтуынша, үш нәрсені — бостандық, шындық, әділеттілікті халыққа қайтаратын уақыт келді. Сондай-ақ кандидат Әміржан Қосанов Қазақстанның парламенттік-президенттік жүйеге өтуі керектігін айтты.
Ал қолына қамшы ұстаған «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен үміткер Сәдібек Түгел ешқандай партияға мүше емес екенін еске салды. Ол Қазақстанға оңды өзгерістер мен тың серпілістер әкелу үшін кандидат ретінде келіп отырғанын айтады. Кандидат ұлы дала мәдениетін жаңғырту, тілді, салт-дәстүрін дамытуға ден қоймақ. Кандидат халықты тек мемлекеттік тілде сөйлеп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге шақырды.
Коммунистердің атынан сынға түскен Жамбыл Ахметбеков әлемдегі мәселелердің бәрінің басында олигархия тұрғанын айтады. Біз Батыстың құндылықтарын, ақшаның мәртебесін қабылдамаймыз дейді ол. Ахметбеков жұмыс істеп жүргендер жақсы өмір сүруі керектігін, коммунистер еңбекті жоғары бағалайтынын, елді тонаған адамдар сотқа тартылуы керектінін айтты. Ахметбеков қашқын олигархтар жымқырған ақшаны халыққа қайтаруы туралы сөз қозғап, халық билігі еңбек адамына сүйенуі керектігін тілге тиек етті.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан үміткер Төлеутай Рақымбековтің атынан келіп отырған Әли Бектаев қазіргі таңда партия ауыл мәселесін түбегейлі шешуге күш жұмсайтынын жеткізді. Әли Бектаевтың агросектордың мықты маманы екенін айтқан ол Бейімбетше айтқанда «ауылдың гүлденгені — елдің гүлденгені» екенін тілге тиек етті. Бектаев ауыл — руханияттың қайнар көзі, салт дәстүрді сақтаған, сондықтан, халқымызды азық-түлікпен қамтып отырған ауылдың жағдайы жақсы болуы тиіс екенін жеткізді.
Ең соңғы болып «Nur Otan» партиясынан кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев еліміз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев — тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Елбасының қасында жүріп, тәуелсіздікті күшейтуге үлесін қосып келе жатқан үлкен тұлға. Қай қызметте болса да, парасаттылығымен танылған отаншыл азамат. Тәуелсіздік одан ары күшейтіп, ең лайықты тұлға деп бәріміз қабылдаймыз деген Мәулен Әшімбаев барша қазақстандықтарды Елбасы қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырды.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлер арасында тікелей эфир арқылы телевизиялық пікірталас «Хабар» арнасында 18.00-де басталды. Еске сала кетсек, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне 7 кандидатты тіркеген болатын. Олар: «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәдібек Түгел, «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбеков, Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов.