Шығысқазақстандықтар күнгейліктерді қоныс аударуға шақырады

284

Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Түркістан облысының тұрғындарын қоныс аударуға үгіттеуге арнайы келіпті. Жиналған қауымға «Серпін», «Бастау» мемлекеттік бағдарламаларының тиімді тұстары түсіндірілді.

90 мың халқы бар Алтай ауданынан келген қонақтар Шымкент қаласындағы мектеп бітірушілерімен кездесті. Жиын барысында әкімдік және жұмыспен қамту орталығының мамандары елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударғысы келетіндерге арналған мемлекеттік бағдарламалардан хабардар етті.
Қайратбек Серіктасұлы, ШҚО, Алатау ауданындағы ауылдық округтің әкімі: «Бізге ауыл шаруашылығы мамандары тапшы,  дәрігер, фельдшер, мұғалімдер  жетіспейді. Келсін барлық жағдай жасалынады. Мемлекет тарапынан баспаналы болуына, тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасалынады».

Әсіресе, жастардың теріскейде білімін жалғастыруға жағдай жасайтын «Серпін» бағдарламасының ерекшіліктері екшелеп, түсіндірілді. Шәкіртақы, жатақханамен қамту және де отбасымен көшіп келсе баспана, тұрақты жұмысқа орналастыру жағы да қарастырылады.

Мадина Бекбауова, №61 мектептің ұстазы: «Серпін» жақсы бағдарлама, әсіресе көпбалалы отбасылары үшін. Мектепті бітірген балаларын жіберсе, Шығыс Қазақстандағы оқу орындарында оқып, мамандығын игеріп қана қоймай, тұрмысын түзейді. Оқушыммен келіп едім, ол да қызығушылық танытып отыр».

Шығысқазақстандықтар солтүстікке қоныс аудару жөнінде насихат жұмысын Отырар, Ордабасы ауданында жалғастырады. Айта кететін жәйт, өткен айда Солтүстік Қазақстанға өңіріміздің отыз отбасы қоныс аударған болатын. Олардың қатарын мектеп бітірушілері толықтыруы әбден мүмкін.

Шынар Оразова