Қала аумағындағы «Жұлдыз» шағынауданының тұрғындары шу шығарды. Жарық, су мен газсыз отырған халық шыдамдарының таусылғанын айтады. 11 жылдан бері сабыры сарқылған ел базынасын кімге жеткізерін білмей дал. Себебі бұған дейінгі облыс әкімдері аумақтағы жағдайды өз көздерімен көрген. Бірақ, жыл өтсе де жағдай өзгермей келеді.
«Бадам» шағынауданына қарасты 195 орамды үшінші мегаполистің аумағында деуге ауыз бармайды. 100-ден астам отбасы қоныстанған бұрынғы аумақта мемлекет тарапынан су, жарық пен газ қарастырылмаған. Жер телімдеріне тұрғындар өз күштерімен жарық тартып амалдап отырған көрінеді.
Қараша халықтың билікке айтар базынасы мұнымен бітпейді. Жанбайтын жарықтан бөлек ауызсу да елдің есін шығарған. Тіршілік нәрін айына бір рет сатып алатын бұрынғы «Береке» ауылының тұрғындары сақталған судан ауру да тауыпты.
Нұрғайша Жақсылықова, тұрғын: «ХХІ ғасырда мына ел сусыз, жарықсыз, газсыз отырған деген миға қонбайтын дүние. Кезінде Б. Атамқұлов келді әМен осы жерге келгелі көрмеппін деді». Ж. Түймебаевтың өзі келді, көрді. Нәтиже шығарған жоқ. Мен хат тастадым барлығына. «Нұр Отанға» барсам арманыңыз көп екен деді».
11 жылдан бері түйіні тарқамаған мәселенің себебі де жоқ емес екен. Мамандардың айтуынша аумаққа соңғы жылдары ғана халық саны арта бастаған. Осыған байланысты аудан әкімдігі жуырда ғана өтінішті тапсырған.
Нұрлан Жаманкөз, «Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Бадамның бүгінгі тұрғындарына жағымды жаңалықты әлі 2-3 жылдай күтуге тура келеді».
Осылай деген жауаптылар 40-на шыдаған елдің 41-не де төзуін сұрайды. Ол уақытқа дейін соқыршек пен асқазан ауруын арқалағандар қатары тағы да еселенбесіне кім кепіл?!
Назерке Үкібасова