Жауынның салдарынан көбейген құрттардан шаруалар шығынға батуда

397
фото Ашық дереккөз

Мамыр айында жауған жауын-шашынның салдарынан әуежайдың төңірегіндегі жер алқаптарындағы көкөніске құрт түскен.

Көкөніске құрт түсті

«Қырыққабаттың жапырақтарына түскен шыбын-шіркей өнімнің жетілуіне кері әсерін тигізді»,- дейді шаруа.

Фурхат, Абай ауданының тұрғыны

Фурхат, шаруа: «Шығынға баттық, жауын жауып, егін  алқабының  50 пайызы, көріп тұрсыздар, ағарып кеткен, құрт жеп қойды».

Көрші егістік жерде Ержан Абдрасилов құлпынай отырғызған. Былтыр бұл жеміске сұраныс жоғары болғандықтан биыл да қарық боламын ба деген диқанның үміті ақталмайын деп тұр. Күн жылынбағасын, жидек те піспей жатып алған.

Құлпынай кеш пісуде

Енді сәл кешіксе базарда өзге жақтан келген құлпынай қаптап кетеді де баға түсіп кетеді. Ол кезде шаруа шығынға батайын деп отыр.

Ержан Абдрасилов, шаруа: «Күндіз ыстық емес, кешке күн салқын. Жеміс піспей жатыр. Есесіне құрттар түскен».

Шаруалар шығынға батуда

Енді егіншілікті кәсіп қылған қаланың шаруалары шығынның орнын толтыруды ойластыра бастады. Бюджеттен қаржы бөлінбейтіні бесенеден белгілі. Былтыр да шегіртке қаптағанда жергілікті билік бір тиын төлемеген. Қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасындағылар шығын жаппай егіншілікке қауіп төнген кезде ғана өтелетінін айтады.

Димаш Дәуренбеков, Абай ауданы әкімінің аппарат басшысы: «Біздің ауданға қарасты  қожалықтар, шаруалар  жиі жауған жауын-шашынның салдарынан құрттар көбейіп шығынға батып жатырмыз деп  әкімдікке шағымданған жоқ. Егерде  арыз түссе, міндетті түрде тіркеп, шағымды қалалық ауыл шрауашылығы басқармасына жібереміз».

Ұсақ шаруалар қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардан қалыс қалып келеді. Қайтарымды, қайтарымсыз субсидиялар ірі қожалықтарға үлестіріледі. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – шаруалар бірігуі тиіс. Сонда құрттармен де күреске, техникаға да, химиялық заттарды сатып алуға да қаржы болады.

Шынар Оразова