Қарасорадан қағаз өндірілмек…

198

Қағаз өндірісіне қажетті шикізатты шеттен тасып келеміз. Қазіргі таңда кеңсеге қажетті қағаз импортының өзі 100 млн. доллардан асып жығылады. Қағаз жасауға қара орманы тапшы еліміз, есесіне есірткіден кенде емес. Осы олқылықтың орнын мамандар қарасорамен толтырмақшы…

Қарасорадан қағаз өндірудің тиімділігі қаншалықты? Есірткітектес өсімдіктен өнім өндіреміз деп жүріп, есірткіқұмарлардың қатарын арттырып алмаймыз ба?

Еліміз үшін өндірістік қарасорадан қағаз өндіру бұрын түрен тимеген тың жердей-тін. Бүгінде бұл сала терең зерттеліп, зерделеніп, түрлі тәжірибелер жасалып жатыр. Нәтиже де жаман емес.

Қанат Байытов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы: «2017 жылы өнеркәсіптік тәжірибемізде қарасора өсірдік және одан Жапонияда өте сапалы целлюлоза эскпортталды. Енді зауыт құруға қажетті қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді есептеп жатырмыз. Егер ағаш 20-25 жылда өссе, қарасора 100 күнде өсіп шығады. Алматы мен Шымкентте қарасора өсіріп көрдік және қазір де айналысып жатырмыз. Бұл – шикізатпен қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндет».

Елімізде қағаз өнімдерін шығаруға шикізат тапшы. Қалың орманы жоқ болғандықтан елдегі қағаз өндірісі макулатураға күні түсулі. Ал техникалық қарасорадан қағаз өндіру әлемде кең тараған үрдіс. Мәселен АҚШ валютасы дәл осы есірткі тектес шөптен өндірілетін қағаздан жасалады.

Ақмарал Исаева, биология ғылымдарының докторы: «Көптеген елдерде қарасорадан жіп, киім, картон өнімдерін жасап шығарады. Қағаз сапасы өте жоғары болады. Ал қағаз өндіруге арналған ағаштардың өсуі қиын. Сондықтан тез өсімтал кендірді қажетке жаратқан тиімді болмақ. Бұл дегеніңіз- өндіріс дамиды, қосымша жұмыс орындары ашылады. Жастардың көзқарасы өзгеріп, өңірдің экономикалық өсіп өркендеуі үшін қызмет етуге талпынып, қарасораны есірткі ретінде пайдаланудан бас тартады деген сенімім мол».

Министрлік тәжірибе жүргізген кенеп плантациясының Шымкенттің қай жерінде екені құпия. Оның себебі түсінікті де. Өйткені қоғамдық орында есірткінің жеңіл түрін қолдануды қылмыстық кодекстен алып тастау көзделіп отыр. Сол кезде кенеп танабының тамтығы да қалмауы мүмкін. Дегенмен, бастама экологтарды қуантып отыр.

Айнагүл Отарбекова, PhD докторант, эколог: «Бүгінде полиэтилен қапшықтардың қоршаған ортаға зияны көп болып тұр. Шірімейді. Сондықтан да оның орнына экологиялық зияндылығы жоқ қағаздан жасалған қалташаларды пайдалану тиімдірек».

Жақын арада еліміз полиэтилен қапшықтар мен желім ыдыстардан бас тартады. Қазір Энергетика министрлігінде экологиялық заңнама дайындалып жатыр. Құжат ел аумағында пластиктен жасалған бір рет қолданылатын ыдыстар мен полиэтилен қапшықтарды қолдануға тиым салады.

Гүлжан Көшерова