ҚР Ұлттық ұланның сарбаздары Арыста қалып кеткен егде кісіні іздеп тапты

414

Арыс қаласында жарылыс кезінде қалып қойған ер адамды сарбаздар іздеп тауып алды. Қарт кісі қаңырап қалған қалада екі тәуліктен бері қалып қойған.

ҚР Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінің майоры Арман Өтенов пен аға лейтенанты Досыбай Нұрлыбекті әскери бөлім басшылығы арнайы Арыста қалып кеткен ер азаматты іздеп табуға тапсырма берген.

Қос әскери қасына Арыс қаласының тұрғыны, әскери бөлімнің санитарлық нұсқаушыны ертіп алып түнделетіп жолға шыққан. «Өзі мүгедек,​ өздігінен жүре алмайды деген хабарлама жетті. Су, жарық жоқ. Қараңғы түнде телефон жарығымен үйдің қақпасынан асып түстік. Есікті ішінен аштық. Ит байлаулы тұрды. Ауладағы жарылыс зардабынан ұшып​ түскен снарядтарға аса сақтықпен қарап​ қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, әр бөлмені аралап шықтық. Негізгі үйге жақындай бергенімізде қарияның өзі есікті ашып шықты. Ұзын бойлы,​ дені сау, аяқ қолы бүтін ер адам шыға келді,»-дейді аға лейтенант Нұрлыбек Досыбай.

Жарылыс басталғанда отбасымен қашып шыққан ер адам жарты жолға келгенде шорт кесіп үйіне қайтып кеткен екен. Өзінің айтуынша, жарылыс мұндай орасан болады деп ойламаса керек ті. Тез басылады деген оймен туғандарын тыңдамай үйіне қайтқан.

«Телефон қуаты біткен. Азық-түлік пен су қалмаған үйде. Су бердік. Телефонын көліктен қуаттандырып бердік. Арыс қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери бөлім басшылығына баяндадық. Бір жарым, екі сағаттай сөйлесіп жүріп қалдық. Туыстарымен, әйел, бала — шағасымен байланыстырдық. Алматыдағы басшылықпен сөйлестірдік. Қауіпсіз жерге алып кетіп медициналық тексеруден өткізу мақсатымыз болды. Алайда ол кісі көмегімізден бас тартты. Өз үйінде қалуды жөн көрді,»-дейді аға лейтенант.

 

 

 

 

 

Ер адамды туыстары іздеп алып кету үшін барғанда​ үйлері жарылыс қаупі жоғары аймақта орналасқандықтан әскерилер кіргізбеген.

«Мүгедек, халі мүшкіл деген хабарламадан соң барлығына дайын болдық. Тірі болмауы да мүмкін деген ой да болды. Іздеп барғанда біз жақындай берген сәтте есікті ішінен ұзын бойлы ер адам ашып қалғанда сасып қалдық. Зәреміз зәр түбіне жетті. Аман есен екендігіне де қуандық,»- дейді Нұрлыбек Досыбай.

ҚР Ұлттық ұланның сарбаздары екі тәуліктен бері, 24 сағат бойы Арыс қаласын күзетуде. Қараусыз қалған заттарды қарауылдап, қалып қойған азаматтарға көмектесіп жүр.​ Ұлттық ұланның жеті жүзден астам сарбазы мен жүзге жуық арнайы техникасы жұмылдырылған.

Жанар Есенбекова