«Далада қалатын түріміз бар». Баспаналары су және канализациялық құбырлардың санитарлық қорғау аймағында тұрғызылған тұрғындар осылай жыларман күйде отыр. Айтуларынша, үйлерінің қызыл сызыққа түскенінен бейхабар болған. Баспананы бұзу жайын-да сотқа шақырту келгенде ғана төбелерінен жай түскендей болыпты. «Жығылғанға жұдырық» демекші, бұзылғалы жатқан бұл нысандар үшін тұрғындарға көк тиын өтемақы да қарастырылмаған. Тұрғындардың титығына тиіп отырғаны осы тұсы. Айдың күні аманында қолында барлық құжаты түгел бола тұра, далада қалғалы тұрған шымкенттіктер енді қайтеді?
ҮЙІМІЗДІ БҰЗАДЫ, БІРАҚ ӨТЕМАҚЫ БЕРМЕЙДІ?
Баспанасы сүріліп, далада қалатындардың бірі – Рашид. Оның үйі Абай ауданындағы Пролетар-Октябрь көшелерінің қиылысында орналасқан. 10 сотық жерде ауданы 330 шаршы метрді құрайтын үйі орналасқан. Ал оның астынан диаметрі 600 миллиметрлік кәріз құбыры өтіпті. Сондықтан да оның баспанасы қызыл сызықта танылып, сот шешімімен сүрілуге жіберілген. Бірақ, Рашид үйінің сүрілуіне қарсы. Себебі, бұдан басқа баратын жері, басатын тауы жоқ.
– Бұл үй менің атыма 2010 жылы сыйлау (дарственное) жолымен өткен. Енді мен үйді жөндеп, қаншама күш пен ақшамды сарп еткенде, «санитарлық қорғау аймағында тұр» деп 2018 жылы сот бұзуға шешім шығарыпты. Мейлі, қорғау аймағында тұрса тұрған шығар. Бұзуға қарсы емеспін. Бірақ, жер мемлекеттің мұқтаждығына алынғанда өтемақы беріледі емес пе? Ал, бізге өтемақы қарастырылмаған. Мен қайдан білейін жердің астында қандай құбырдың бар- жоғын? Кезінде мемлекеттік АКТ- ні, үйдің техникалық құжатын бергенде мұнда құбырдың бар екендігі көрсетілмеген. Біздің қандай кінәміз бар,- дейді ол.
1500 ҒИМАРАТ САНИТАРЛЫҚ ҚОРҒАУ АЙМАҒЫНА ТҮСКЕН
Жердің астында қандай құбырлардың бар жоғын тек Рашид қана емес, басқа да тұрғындар білмейді. Сондықтан да қаладағы көптеген нысандар қызыл сызыққа түскен. Қаладағы барлық ауыз су және шайынды су шаруашылығына жауапты «Су респурстары — маркетинг» ЖШС заң бөлімінің басшысы Кеңес Әлибаевтың айтуынша, Шымкентте су және кәріз құбырларының санитарлық қорғау аймағына түскен 1500 нысан бар.
– 2015 жылы 16 наурызда ҚР Ұлттық экономика Министрінің №209 бұйрығына сәйкес, су көздеріне, шаруашылық ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың санитарлық қағидалары бекітілді. Соған сәйкес, Шымкентте тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1500-ге жуық мекеме мен тұрғын үй тыйым салынған аймақта орналасқаны анықталған. Осы бойынша біздің мекеме сотқа жүгініп, 700 нысан бойынша соттың шешімі шықты,-дейді заңгер.
САНИТАРЛЫҚ ҚОРҒАУ АЙМАҒЫ ҚАЛАЙ БЕЛГІЛЕНЕДІ
Жоғарыда аталған қағидаға сәйкес, су құбыр мен қандай да бір нысанның ара қашықтығы құбырдың диаметіріне қарай анықталады екен.
Сонымен:
1) су құбырының диаметрі 200 миллиметрге дейін болғанда, кемінде 6 метр қашықтықта;
2) су құбырының диаметрі 200-400 мм болғанда, кемінде 8 метр қашықтықта;
3) су құбырының диаметрі 400-1000 мм болғанда, кемінде 10 м қашықтықта;
4) су құбырының диаметрі 1000 мм астам болғанда, 20 метр қашықтықта;
5) жерасты сулары бар болған кезде, су құбырының диаметріне қарамастан – 50 метр ара қашықтық сақталу керек.
Ал кәріз коллекторлары мен кәріз желілері үшін санитариялық-қорғаныш жолағының ені жиек сызықтарының екі жаны бойынша қабылданады:
1) кәріз коллекторының диаметрі 400 мм кезінде, қашықтық кемінде 8 метр;
2) кәріз коллекторының диаметрі 400-1000 мм кезінде, қашықтық кемінде 10 метр;
3) кәріз коллекторының диаметрі 1000 мм астам кезінде, қашықтық кемінде 20 метр болуы шарт.
Су арнасы мамандарының айтуын-ша, санитарлық аймақты белгілеу құбырдағы апатты орнына келтіру үшін, күрделі және кезекті жөндеу жұмыстарын кедергісіз жүргізуге қажетті. Бұл туралы заңда жазылған.
– Қазақстан Республикасының магистральды құбыр туралы заңнамасына сәйкес, кез келген жер учаскесін сатып алушы азамат жер учаскесіне қандай-да бір құрылыс салмастан бұрын газ, су, жарық беруші мекемелерінен анықтама алуы қажет. Бұл міндеттеме 2015 жылдан бастап өз күшіне енген. Алайда, аталған заң нормасын жер учаскесінің иелері сақтаймайды, соның салдарынан біздің ұйым тарапынан аталған азаматтарды санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына келтіруге қатысты талап арыз бере отырып сотқа жүгінуімізге тура келеді. Мұндайда өтемақы туралы айту жөн емес. Себебі, біз жерді мемелекеттің қажеттілігіне алып жатқан жоқпыз. Бұл біздің жер. Тұрғындардың өзі заңды бұзып, біздің жерге құрылыс жүргізген. Сондықтан да өтемақы талап етуі орынсыз — дейді Кеңес Әлибаев.
«Біз үй салғанда мұндай міндеттеме болмаған»
Үйі сүрілетіндердің де бұған өз уәжі бар. Айтуларынша, бұл міндеттеме 2015 жылы өз күшіне енсе, олар үйлерін сатып алғанда не салғанда мұндай міндеттеме болмаған. Сондықтан да олар ешбір жерден ешқандай анықтама алмапты. Тек құзырлы мекемеден алған мемлекеттік АКТ пен техникалық құжатқа сенген. Ал енді, заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілгенде екі ортада халық кінәлі болып, далада үйсіз-күйсіз қалатын түрі бар деп ашынады.
Дейтұрғанмен маман кей жағдайларда құбырдың айналасын зерттей келіп, мүмкін болған жағдайда нысанды бұзудың орнына, құбырдың бағытын өзгерту шаралары қарастырылатынан айтады. Мұндайда барлық жұмыстардың ақысы жеке тұрғынның есебінен жүреді.
ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ҚАТЕЛІК
Келесі кейіпкеріміз Тассай шағынауданындағы, Тәуке хан көшесінде тұрады. Оның оқиғасы алдыңғы кейіпкерден өзгерек. Бая-ндар болсақ, 2016 жылдың сәуір айынан бастап аталған көшені кеңейту мақсатында мұнда құрылыс жұмыстары басталған болатын. Екі жарым жылдан бері мұндағы тұрғындар ары жүрсем орға түсем, бері жүрсем лайға батамның кебін киіп келеді. Ол аздай енді мұнда тартылып жатқан инфрақұрылымнан тұрғындар үйіне емін-еркін кіріп шығудан қалған. Ал кейіпкеріміз тұратын №151 үйдің жағдайы тіпті, қыл үстінде тұр. Себебі, тартылып жатқан су құбыры бұл баспананың дәл іргесінен өтеді.
Ал жоғарыда мамандар берген мәліметте құбырдың диаметіріне қарай су құбыр мен нысанның ара қашықтығы 5 метрден кем болмауы керек деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Сонда, тапсырыс беруші Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тапсырманы орындаушы мердігер компания қайда қарап отыр?
Бұл сауалымызға басқарма басшысының орынбасары Абай Тұрханов былай деп жауап берді.
– Көше кеңейтіліп жатыр. Енді бұл жай орамішілік көше емес, магистральді жол болмақ. Яғни, бұған дейін көшенің ені 6-7 метр болса, жөндеу жұмыстарынан соң ені 15 метрді құрамақ. Жан жағына суағар, жаяу жүргіншілер жолағы мен жаңа аялдамалар қойылады. Жолдың маңыздылығы өзгерген соң, және заңда көрсетілгендей магистральді жолдың астынан су құбыры өтпеуі керек. Сондықтан да мұндағы су құбырлары жолдың шетіне шығарылып жатыр. Нәтижесінде, құбырдың бір бөлігі №151 үйдің іргесінен жанап өтіпті. Бұл үйдің жағдайымен танысып, мердігер мекемеге осы үйдің жанынан өтетін құбырды қаптауға тапсырма бердік,-дейді Абай Тұрханов.
Оның сөзінше, бұл жағдайда, яғни қаптағаннан соң нысан мен құбырдың арасындағы ара қашықтықты 2 метрге қысқартуға болады мыс. Бірақ, үй мен құбырдың арасындағы ара қашықтықты екі метр деп айта алмаспыз.
Сондықтан да, бұл үйдің де ертеңгі күні сүрілуге жіберілген 1500 нысанның қатарына кірмесіне кім кепіл?
Дегенмен, «Су арнасы-Маркетинг» ЖШС әлі бұл құрылысты мақұлдап, қабылдамапты. Абай Тұрханов «егер ертеңгі күні құрылған комиссия бұл жерден заңға қайшы қателік тауып, жұмысты қабылдамаса, мердігер компания қайтып кем кетігін жөндеуге кіріседі» деп қысқа қайырды.
Сондықтан да, осындай қиын жағдайға тап болмас үшін, тұрғындар жоғарыда заңгер кеңес бергендей жерді немесе баспананы сатып аларда сол жердің астында, жанында қандай да бір инфрақұрылымдардың бар жоғын анықтайтын анықтаманы алғаны дұрыс.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
№18-19, 1 мамыр 2019ж