Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек беріліп жатыр. Бүгінге дейін 39 013 азамат құжатын өткізсе, соның 25164-нің өтініші қабылданыпты. Олардың ішінде 22 мыңнан астамының есепшотына атаулы әлеуметтік көмек төлемі аударылған. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, қалғандарына 25 мамырға дейін толығымен аударылады екен. Басқарма таратқан мәліметке сенсек, қаржы жеткілікті. Ешкім де тиесілі төлемнен қағылмайды. Сонымен атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады? Мұны тағайындау және төлеу тәртібі қандай? Жәрдемақының мөлшері қалай есептеледі? «Список» пен базадағы тізімнің айырмашылығы неде? Халық көкейінде жүрген осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп көрдік.
ӘР БАЛАҒА 2383 ТЕҢГЕ ЕДІ
Елімізде 4 және одан көп баласы бар немесе 7 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған ананы, кәмелет жасқа толмаған немесе мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасын, белгілі бір себептерге байлансты еңбекке жарамсыз азаматтарды және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандар үшін — атаулы әлеуметтік көмек берілетінін бұған дейін де жаздық. Соның төлену тәртібі мен мөлшері туралы да газетімізде бірнеше рет жарияланған.
Дегенмен редакцияға хабарласқан оқырмандардың сауалдарына орай, соның барлығын қайта бір еске түсіріп көрелік.
2018 жылдың 1 қаңтарынан 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 50% жетпеген отбасыларға, яғни айлық табысы жан басына шаққанда 14 849 теңгеден аспағандарға шартты және шартсыз көмек көрсетілді.
Шартсыз көмек әр тоқсанда тағайындалып, ай сайын төленетін. Ал шартты атаулы әлеуметтік көмек 6 айға тағайындалып, оны тағы 6 айға дейін созуға болатын. Біріншісінің де, екіншісінің де мөлшері әр балаға 1,05 АЕК немесе 2 383 теңгені құраған.
Дегенмен, бұл сома кімнің жыртығын жамауға жетсін?
Сондықтан да ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмектің көлемі де беру шарттары да өзгерді. Сомасы ұлғайды, шарттары жеңілдеді.
20789 ТЕҢГЕГЕ ӨСТІ
Міне, ақпан айынан бастап әлеуметтік мәселе де сең қозғалғандай болды. Бұлай дейтініміз, осы уақытқа дейін әр баласы үшін 2383 теңге көлемінде жәрдемақы алып келген ата-анаға 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 20789 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалды.
Қазір енді тағайындалып, жоғарыда айтқанымыздай төленіп те жатыр.
– Атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін отбасының бір айлық табысын жан басына шаққанда 20 789 теңгеден аспауы керек. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда отбасының көп балалы отбасыларға (10504 тг) және «Күміс алқа» және «Алтын алқа» (16660 тг) төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бойынша балаларға берілетін жәрдемақылар есептелмейді. Бірақ 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін алып отырған жәрдемақысы кіріс көзіне саналады. Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789 теңгеден аспаса, сол отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған әр балаға 20 789 теңге, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді,- дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмыс берушілерді қолдау секторының бөлім басшысы Бағдат Архабаев.
Оның айтқанымен есептеп көрелік. Мәселен, әке-шешесі және кәмелет жасына толмаған алты баласы бар отбасын алайық.
Ай сайынғы табысы:
Әкесінің жалақысы – 150 000 тг құрайды.
Сонымен: 150000/8=18750 тг.
Бұл отбасы Атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлеріне сәйкес келеді.
Балаларға АӘК мөлшерін есептеу:
20 789 теңге*6 бала = 124 734 тг.
Ата-аналар үшін АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 тг – 18 750 тг. = 2 039 тг;
2 039*2 = 4 078 тг.
Сонда АӘК жиынтық мөлшері 124 734 тг + 4 078 тг = 128 812 тг.
Осылайша мұндай отбасы 128812 теңге көлемінде жәрдемақы алады.
22 МЫҢ АДАМҒА ТӨЛЕНГЕН
Бағдат Архабаевтың сөзінше, 1 сәуірден бастып бүгінге дейін Атаулы әлеуметтік көмекке 39013 адам құжат өткізген. Солардың 25164-інің өтініші мақұлданған.
1 сәуірге дейін көмекті алып келген 4867 адамның құжаты автоматты түрде жаңа форматқа өткен. Сонымен, жалпы бүгінге дейін, 22 мың адамның есепшотына қаржы аударылыпты.
Осы тұста Бағдат Архабаев құжатын ерте тапсырып, бұған дейін есепшотына АӘК қаржысы түспеген азаматтарды сабырға шақырады.
Айтуынша, адами фактордың жетіспеуі және техникалық ахауларға байланысты кей азаматтардың қаражаты дер кезінде аударылмай жатыр екен. Бірақ 1 сәуірден бастап құжатын тапсырған барлық азаматтардың қаржысы осы айдың 25 не дейін толық төленеді.
– Біз бұған дейін «Л-маркет» электронды базасымен жұмыс істедік. 15 сәуірден бастап «Е-халықпен» жұмыс істеп жатырмыз. База келгенше халықтан құжаттарын қабылдай бердік. Содан алдын келген құжаттар астыңғы жағында қалып кеткен. Кейін өткізгендер үстінде тұрып, бірінші болып тізімге түсіп, базаға енгізілді. Міне, содан «базада жоқпыз, «списокта» бармыз» деген түсініспеушіліктер туындап жатыр. Бірақ уайымдауға негіз жоқ. Бізге өткізген құжаттардың бәрі түгел. Бәрін жеке-жеке қарап, тексеріп жатырмыз. Сондықтан да «біреуге ақша ерте түсті, маған түспеді» деп даурығуға негіз жоқ. Орталыққа келіп, немесе тұрғылықты мекенжай бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына барып, өзіңіздің тізімде бар не жоқ екеніңізді, қанша қаржы тағайындалғанын тексертсеңіз болады, — дейді ол.
Тағы бір айта кетер жайт, атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау жыл соңына дейін жүргізіледі екен.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмыс берушілерді қолдау секторының бөлім басшысы Бағдат Архабаевтың сөзінше, «сәуір айында тапсыра алмай қалдым, бір айым күйіп кетті» деген түсінік қате.
— Қай айда тапсырсаңыз, сол айдан бастап өзіңізге тиесілі айға дейін аласыз. Бір ай ерте тапсырсаңыз да, кеш тапсырсаңызда сол өзіңізге тиесілі 6 ай немесе 12 айыңызға жәрдемақы тағайындалады, — дейді Бағдат Архабаев.
АЛТЫ АЙДАН БІР ЖЫЛҒА ҰЗАРДЫ
Атаулы әлеуметтік көмек төлемінің мөлшері және тағайындау механизімі өзгергенімен де түрлері өзгермеді. Сол баяғыдай шартты және шартсыз болып екіге бөлінеді.
Егер бұған дейін шартты атаулы әлеуметтік көмек үшін әр 6 айда құжат өткізу қажет болса, енді 1 жылда 1 рет өткізеді.
Шартсыз көмекке келсек, 3 айдан 6 айға ұзартылды. Сондай-ақ, төлеу тәртібінде де өзгешелік бар. Бағдат Архабаевтың сөзіне сенсек, шартты көмек 3 айда бір рет төленеді. Яғни тоқсан сайын 3 айдың төлемі қосылып түседі. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек ай сайын 6 ай бойы есепшотқа түсіп тұрады.
Ескеретін жағдай, шартты атаулы әлеуметтік көмекке берілген ақшаның сұрауы бар. Мамандар ақшаның қандай мақсатта жұмсалғанын, түбіртектерді талап етуге құқылы. Ал шартсыз төлемде мұндай талап жоқ.
Сондай-ақ, «құжат өткізу — барлығына бірдей атаулы әлеуметтік көмек беріледі» дегенді білдірмейді. Жоғарыда айтылғандай, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша тексеруге барған комисия мүшелері «әлеуметтік осал топқа жатпайды және көмекке мұқтаж емес» деп шешсе, онда әлеуметтік төлем жасалмайды.
Сондай-ақ, сіздің әлеуметтік аударымдарыңыз, алименттік төлемдер үзілетін болса (бар болған жағдайда), жәрдемақыны төлеу де тоқтатылады екен.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
№21,22 мамыр 2019ж