егіс асфальт. Суағар. Жаяу жүргіншілер жолағы. Веложол. Шынар мен каштан ағаштары. Бұл Ахмет Байтұрсынов көшесінің келешек келбеті. Қазіргі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көшенің келбеті осылай өзгермек.
А. Байтұрсынов көшесі қандай болмақ және қандай болуы керек еді? Барлығын рет ретімен баяндайық.

Әлқисса…

А.Байтұрсынов көшесі қаланың орталық көшелерінің бірі. Жалпы ұзындығы 5 шақырымнан асады. Адам да көлік те көп жүретін бөлігіне Тұрар Рысқұлов көшесінен бастап Түркістан көшесіне дейінгі аралығы жатады. 3 шақырымға созылған көшенің осы бөлігінде бірнеше университет, колледж ғимараттары, мектеп, ауруханалар мен мемлекеттік мекемелер, супермаркеттер орналасқан. Сондықтан да бұл бөлігі кептелістен көз ашпайды. Әсіресе, таңертең мен кешке көшенің осы аралығында жаяу да, көлікпен де жүру мұңға айналған. Бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспеген көшенің мәселесі 2014 жылы майшаммен қаралды. Сөйтіп, көше кеңейетін болды. Жобаларын түзіп, қоғымдық тыңдауларды да өткізген.

45 нысанның жері мемлекет мұқтаждығына алынады

Сол кездегі «Мерей-Сәулет ЛТД» мердігер мекемесінің ұсынған жобасына сәйкес, А.Байтұрсынов көшесінің Т.Рысқұлов даңғылынан бастап Түркістан көшесіне дейінгі бөлігі кеңейтілетін болған. Осылайша көшенің осы аралықтағы көлік жүретін 8-9 метрді құрайтын ені 21 метрге жетеді деп жоспарланды. Бұл үшін 45 нысанның жері мемлеккеттің мұқтаждығына алынып, 800 ден астам ағаш оталуы керек еді.
– Бұзылатын нысандардың 42-сі уақытша қолданыста екен. Ал қалған 4-еуі мемлекет меншігіне алынады. Олардың иелеріне өтемақы беріледі. Бұдан бөлек жол құрылысына байланысты 800 ден астам ағаш оталмақ. Дегенмен уайымдауға негіз жоқ. Орнына жас көшеттер отырғызылады,- деген еді сол кездегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі астығының орынбасары Асылбек Баймырзаев.
Дегенмен, «Мерей-Сәулет ЛТД» жобалау мекемесінің директоры Жұлдыз Жұмабекованың сол кездегі тілшілерге берген сұхбатында бұзылатын нысандар жайлы айтылмады. Жобалаушы талдау жұмыстарының жүргізілгенін айтып, тек екі-үш жердегі қоршаулардың ғана бұзылатынын тілге тиек етті. Олар – кардиологиялық орталық пен салық басқармалары және №47 мектептің маңы еді.
Осылайша құзырлылар тәулігіне 14 мың көлік арлы-берлі зуылдайтын көшенің қуаттылығы қайта жаңғыртудан соң 17 мың көлікке жетеді деп автосүйер қауым мен қоғамдық көлік жүргізушілерін бір қуантып тастаған еді. Тіпті, бұл жұмыстар үшін қажетті қаржының мөлшері де, жөндеу жұмыстарының мерзімі де айтылды, сол кезде. Мемлекеттік сараптамадан өтпеген жобаның құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланып, 1,5 жылға созылады деп жоспарланған еді. Дегенмен, мұның барлығы да жоспар болып қала бергендей. Себебі, арада 1,5 жыл өтсе де, аталмыш көшенің кеңейгенін байқамадық.

6 жолақты болады

Араға бірнеше жыл салып бұл мәселеде сең қозғалғандай болды. Дәлірегі 2017 жылы Әл Фараби ауданы әкімі Бауыржан Қалжанов халық алдында есеп бергенде А.Байтұрсынов көшесінің мәселесі қайта көтерілді. Халық алдында баяндама оқыған аудан әкімі 2016 жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, алдағы 2017 жылы Ахмет Байтұрсынов көшесі қайта құрылудан өтетінін мәлімдеді. Жиын барысында сөз алған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов шаһардың Бас жоспарына сәйкес Байтұрсынов көшесінің 6 жолаққа кеңейтілетін айтты.
Осылайша құзырлылар 2017 жылдың атқарылатын жұмыстарының қатарына А. Байтұрсынов көшесін 9 метрден 18 метрге дейін кеңейтуді енгізді. Дегенмен бұл жолы да аталмыш көшенің мәселесі кешеуілдеп қалды. Ол аздай, тар көшенің мәселесіне, тағы бір мәселе – ирригация жүйелері қосылды.

Ирригациясы жоқ көше

Осыдан екі жыл бұрын осы көшенің бойынан өтетін 5,2 шақырымдық жол астындағы орталық жылу жүйелері толығымен ауыстырылғаны белгілі. Шіріген құбырлардың орнына жаңа, тот басуға қарсы май жағылғандары орнатылды. Соның барысында көшедегі асфальт жабынғысы жарамсыз күйге түскен еді. Бірақ ең сорақысы асфальттің бүлінгені емес, себебі оны қайта қалыпқа келтіруге болады. Солай істелді де. Ең өкініштісі, құбырларды ауыстыруға дейін болған ирригациялық жүйелердің аяқ асынан жоғалуы еді. Осылайша жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер компания бар арық-атыздарды қайта орнатуды ұмытты ма, кім білсін жолды жамап-жамап кете барды. Осылайша, жаңбыр жауса болғаны А.Байтұрсынов көшесін су басып, халықтың әрлі-берлі жүруі қиындай түсті. Халықтың жанайқайы, қоғамдық көлік жүргізушілерінің шағымдары жоғарыдағылардың құлағына жетті ме, әйтеуір құзырлылар 2018 жылы аталмыш көшені орташа жөндеуден өткізуге белін бекем буды. Бұл жұмысқа қала әкімінің өзі жіті көңіл бөліп, бақылауына алды.

КӨПТЕН КҮТКЕН ӨЗГЕРІС

Сонымен жыры таусылмаған көшенің мәселесіне биыл нүкте қойылмақ. Бірінші кезеңі 2018 жылы басталған жөндеу жұмыстары осы жылдың аяғына дейін толығымен аяқталмақ. Жалпы құны 1 млрд. 293 млн. теңгеге бағаланған. Жол құрылысына тек отандық өнімдер қолданылмақ.
Еске салсақ, құрылыстың алғашқы кезеңі №47 мектеп маңындағы жаяу жүргінші жолын жөндеуден басталды. Енді жол жиегіндегі бардюрлер ауыстырылып жатыр. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрхановтың айтуынша, төрт шақырымға жуық жолдың асфальт жабынғысы толығымен жаңартылып, кеспе тастармен жаяу жүргінші жолы төселеді. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сай көшенің бойынан веложолдар да қарастырылыпты. Сондай-ақ, бұл жолы құзырлылар арық-атыздарды да естен шығармапты. Яғни, көшенің бойы қайтадан қызылып, ирригациялық жүйе жүргізіліп жатыр. Адам аяғы үзілмейтін бұл көше толығымен пайдалануға берілгенде жаяу жүргіншілер мен велосипедке отырғандар үшін қолайлы жағдайдың барлығы болады деп сендірді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар. Бірақ, әзірше, бұл көшемен шайтанарба түгілі жаяу жүрудің өзі қиын болып тұр. Дейтұрғанмен, қала әкімі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған соң бұл көше қаладағы ең әсем көшелердің біріне айналатынын айтады.

26 көше жөндеуден өтеді

Айта кетейкі, қалада орташа жөндеуді талап ететін көшелер де көп. Әсіресе, ішкі орам көшелер. Қала әкімі биыл 26 ішкі орам көшеге асфальт қабаты төселетінін хабарлады. Тіпті, сол көшелердің тізімін өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады. Бізде өз оқырмандарымызға сол көшелердің тізімін жариялауды жөн көрдік. Бәлкім сол тізімде сіз тұратын көше бар болар деген ниетте.

2019 жылы асфальт төселетін ішкі орам көшелер

1. Солтүстік батыс ш/а, Талас көшесі, Аламан көшесі;
2. Қайтпас 1 ш/а, Алтай көшесі;
3. Қайтпас 2 ш/а, Б.Серікбаев көшесі;
4. Қайтпас ш/а, Дайрабеков көшесі;
5. Қайнарбұлақ тұрғын алабы, А.Бөлешов көшесі;
6. Қайнарбұлақ с/а, А.Шрейдера көшесі;
7. Мәртөбе т/а, Ленова көшесі, Новостройка көшесі, Пушкин көшесі;
8. Пахтокор 2 ш/а, Тіленшин көшесі, Майбұлақ көшесі;
9. Қызылжар ш/а, Ж.Кекілов көшесі, Р.Жұмабекова көшесі, Рамазан ата көшесі;
10. Ақтасш/а, №1,2,3,36 көшелері (№131 мектепке кірме жол);
11. Бозарық ш/а, атауы жоқ көше (бастамасы Бәйдібек би);
12. Лесхоз ш/а, Б.Момышұлы көшесі, канал жағалауы көшесі;
13. Қазығұрт ш/а, Ш.Уәлиханов көшесі;
14. Маятас т/а, Жұманұлы көшесі, Рысқұлбеков көшесі, Нысанбайұлы көшесі, Б.Момышұлы көшесінің жалғасы;
15. Тельман ш/а, Жұмабаев көшесі;
16. Ынтымақ ш/а, Баян сұлу көшесі;
17. К.Маркса бөлімшесі, Ермексу көшесі, Молдағұлова көшесі;
18. Еңбекші ауданы, Қалмырзаев көшесі, Данов көшесі, Дружба народов көшесі;
19. Әл-Фараби ауданы, Шаймерденов көшесі (Шаймерденов және Дулати аралығы);
20. Самал 3 ш/а, Естемес би көшесі, Мұғалжар көшесі, Нұрлы таң көшесі;
21. Самал 2 ш/а, Ризашылық көшесі;
22. Шапағат ш/а, Шапағат көшесі;
23. Жалын т/а, Көктал көшесі, Ягодная көшесі;
24. Солтүстік саяжай т/а, Жігер көшесі, Орталық көшесі;
25. Асар 2 ш/а №8 көшесі мен А-2 автожолына дейін;
26. Достық ш/а, Мұзтау көшесі.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ