Агенттік қызметкерлері Шымкентке келіп бастан аяқ киініп алды. Бұл жағдай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың Шымкентке арнайы іс-сапармен келген кезінде болды.
Бірнеше нысандардың жұмысымен танысқан төраға Астана мен Алматыға қарағанда үшінші мегаполис қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
Өзге шенеуніктер секілді кортежбен емес, төраға мен шаһар басшысы қаланы шағын автобуспен-ақ аралады. Ең бірінші Нұр-сұлтандық қонақтар «Шымкент ӘКК» алаңында құрылған «Бизнеске арналған Үкімет» орталығына ат басын бұрды. Кәсіпкерлікті қолдауға жасалған жағдайды саралап шықты. Өңірлерді аралап жүрген төрағаның келудегі басты мақсаты — кәсіби мемлекеттік аппарат құру.
Төраға «Оңтүстік» экономикалық аймақта орналасқан «Әлем БТ» және «Бал текстиль» кәсіпорындарының жұмыстарымен танысып, оң бағасын берді. Экспортқа шығарылатын өнімдер үшін кедендегі кедергі мәселесін шешуді қол астындағыларға тапсырды. Агенттік төрағасы әлемдік брендтен киінетін қызметкерлеріне Шымкентте шығатын отандық өнімді алдырды.
Қала активімен кездесу барысында мемлекеттік қызметкерлердің абыройы мен жалақысын арттыру турасында баяндаманы тыңдап, өз ұсыныстарын алға тартты. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы дерлік жемқорлықты ауыздықтауға бағытталған.
Ғалымжан Кенжебек