Шымкентке Денсаулық сақтау вице-министрі іс сапармен келді

31

Бүгін Шымкентке жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қаладағы бірқатар медицина ұйымдарын аралап, жұмыстарымен танысты.  Үшінші мегаполисте болған шендінің айтуынша, биылдан бастап медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау бойынша заңға өзгерістер енгізіліп, ақ халаттылардың кәсіби біліктілігін сақтандыру жүйесі іске аспақ.

Шымкентке жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев алдымен қалалық онкологиялық орталықта ашылған яндролық медицина орталығында болды. Мұндағы заманауи технологиялық аппараттар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға шұғыл, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қаладағы бас онкологтың сөзінше,  соңғы 4 жылда орталықта 2 мыңға жуық науқасқа ісікті алып тастау отасы жасалған. Соның ішінде тіліксіз жасалған  операциялардың науқас өмірін сақтауда маңызы зор дейді мамандар.

 Сондай-ақ, вице министр бастаған делегация №2 қалалық ауруханасы мен №1 емхананың жұмысымен де танысты. Шымкенттің орталығындағы емханада бір ауысымда 500 адамды қабылдай алады. Тимур Сұлтанғазиев емханадағы тіркеу орны мен егу, күндізгі стационар мен процедуралық кабинеттерді аралап, жергілікті дәрігерлермен пікір алмасты.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрінің сөзінше, елімізде  78 мың дәрігер, оның ішінде Шымкент қаласында 2 мың дәрігер жұмыс істейді. Өңірде дәрігерлердің тапшылығы 98 маманды құрайды. Сондай-ақ, биылдан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін қолдау үшін қолданыстағы заңға өзгеріс енгізіліп, жаңа жоба іске аспақ.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі : «2023 жылы Заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу басталады. Бұл шаралар пациенттердің құқықтарын қорғауды, медицина қызметкерлерін заңды қорғауды, медицина мамандығына деген бедел мен құрметті көтеруді, сондай-ақ жас ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуды қамтамасыз етуге арналған».

Айта кетейік, медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін қорғайтын заң жобасы   Парламент Мәжілісінің қарауынан өтіп, мақұлданған. Жауаптылардың сөзінше, жаңа заң жобасы үстіміздегі жылы іске аспақ.

Лаура Нақыпқызы