Алаңға жиналған көптің көңілі алаң…

177

Ақмешітте жиналған ел өздерінің наразылықтарын Шымкентті аралап көрсетті. Қаламыздың орталық көшелерін басына көтерген Арыс тұрғындары Алла үйінен кейін «Нұр Отан» партиясына бас сұқты. Жинаған ашуларын ел осы жерде көрсетуге тырысқандай. Партия жалауын жыртуға ұмтылған халық мұнымен тоқтап қалған жоқ.

Шымкенттің орталық мешітінен басталған наразылық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында жалғасты. Ашуға булыққан ел бұл манда да сабырға келген жоқ. Қайта одан әрі өршеленіп, партия жалауын жыртуға ұмтылды. Үкімет ғимаратының есігіне жапа-тармағай жармасқан жұрттың қарасы көп болғаны сонша, жолдарда кептеліс те туды.

Өз базыналарын билік өкілдеріне айтып болған олардың келесі бағыты Әл-Фараби алаңына болды. Жиналған ел мұнда да жалғыз қалмады. Оларды бір топ полицейлер күтіп тұрды. Наразы топтың тек басшыларға емес, шенділерге де айтары бар екен.
Құқық қорғау қызметкерін арашалауға Арыс қаласының депутаты келді. Өзін Арыс қаласы халқының қалаулысымын деп таныстырған оны ашынған жұрт бұған дейін көрмегендерін айтады.

Қарасы қалың наразы ел өздеріне көмекке келген қарашаға алғыстарын жаудырды. Бірақ, жағдайын сұрағандардың арасынан биліктегілерді көрмегендерін айтып ашынды.

Туған жерлеріндегі күтпеген жарылыстай, аяқ астынан булыққан ашулары атылған ел Әл Фараби алыңында сәл де болса сабырға келді. Тіпті жұмыла жиналған олар соңына жан-жаққа тарқай бастады.

Назерке Үкібасова