Базардан балалар киімін ұрлаған келіншек медиацияның арқасында жазадан құтылды

211

Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентіндегі «Молдахан» базарында орналасқан сауда дүңгіршегінің сыртында ілулі тұрған балаларға арналған көйлектер мен бас киімді 25 жастағы С. есімді келіншек ешкімге байқатпай үптеп кеткен. Сауда орнының иесі Ф. бұл туралы тәртіп сақшыларына арызданған. Полицейлер күдіктіні анықтап, С. тің үстінен ҚР ҚК нің 188 бабы, яғни «ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Сотқа дейінгі алдын ала тыңдау кезінде сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге шығынын өтеп, кешірім сұрағанын айтқан. Ұрланған тауардың иесі де сотталушымен медиациялық бітімгершілікке келгені туралы жазып, соттан қылмыстық істі тоқтатуды сұраған.

«Сот іс құжаттарын зерттеп, ҚР ҚК-нің 68-бабына сәйкес, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан»-деп мәлімдеді Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қаулы заңды күшіне енген.

Жанар Есенбекова