Белгілі спортшы, жекпе-жектен Азияның күміс жүлдегері, джиу-джитсу бойынша Қазақстанның 3 дүркін чемпионы Аллахберді Ахмедовтың өліміне қатысты аппелияциялық сот кейінге шегерілді.

Себебі, 1 жыл 6 ай мерзімге сотталған азамат бұл жолы сот залына жеткізілмеді. Тек онлайн-жүйе арқылы байланысқа шықты. Сондай-ақ, жәбірленушінің кезекті арызы да сотталған азаматтың қолына әлі тимеген, тиісті құжатпен таныспаған көрінеді. Сондықтан, сотталған Карибовтың өзі де, қорғаушысы да сотты кейінге қалдыруын сұраған-ды. Сот төрағасы Ербол Жанғазиннің шешімімен, аппеляциялық соттың отырысы 24-маусым күні, сағат 11-00-ге деп білгіленіп отыр. Бұған 19 жасында қыршынынан қиылған спортшының анасы, жәбірленуші тарап өз пікірін білдірді.«Мен тек соттың әділ шешім шығарғанын қалаймын! Ұры мен қары, тіпті әлімжеттік пен құқықбұзушылықтың өзіне бұлай жаза тағайындамайды ғой. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыскерге лайықты жазасын берген жоқ. 1 жыл 6 ай деп үкім кесті! Үкімге келіспеймін, жемқорлық жайлап кеткен, енді апелляциялық соттың үкімін күтемін, егер әділдік таппасам, халықаралық сотқа дейін барамын», — дейді Лала Кокинаева.

Еске салайық, белгілі спортшы Аллахберді Ахмедов 2018 жылдың 8-қазанында мерт болды. Қорғаушының айтуынша, бұрыннан бас араздығы бар қазіргі сотталушымен мәселесін шешіп алу үшін «Сауран» демалыс аумағының қасында кездесетін болып келіседі. Қос тарап та қастарына дос-жарандарын ерте барған. Дәл сол күні «эвакуатор» ауыр көлігінің тізгініндегі қарсыласы қазақтың маңдайына біткен чемпионды қағып кеткен. Салдарынан 19 жастағы жігіт ауруханаға жетпей, жан тапсырды. Соңынан, күдікті қолға түсіп, іс сотқа жолданған. Сотта бұл іс алдымен «қасақана кісі өлтіру» деген баппен қаралып, соңында «көлікпен абайсызда қағып кетті» деп өзгертілген. Дәлірегі, сотталушыға 1 жыл 6 ай мерзім беріп, үкім кескен еді.

Мөлдір Бекеева