19 жасында қыршынынан қиылған спортшының ата-анасы соттың үкіміне наразы

265

«Қазақстанның намысын қорғаған ұлымды – Еліміз қорғай алмады. Тіпті қасақана өлтірген қылмыскердің өзін жазадан құтқарып қалды». Белгілі спортшы, жекпе-жектен Азияның күміс жүлдегері, джиу-джитсу бойынша Қазақстанның 3 дүркін чемпионы Аллахберді Ахмедовтың анасы осылай деп арнамызға арызданды. Сөзіне сенсек, жалғыз ұлын 7 ай бұрын өлтірген қаскөй сотталғанымен, санаулы күндерден соң бостандыққа шықпақ.

Көз жасы көл болып, жалғыз ұлын жоқтаған ана – Лала Кокинаева жанын қоярға жер таппай жүр. Бауыр еті баласынан айырылғанына – 7 айдан асқан. Содан бері, күндіз-күлкі, түнде-ұйқысынан айырылған ана айыптылардың лайықты жазасын алғанын қалайды. Сот соңына дейін осындай сеніммен келген ол, Үкім оқылғанда қылмыстық істің басқаша аяқталғанына таң.

Лала Кокинаева

«Сот әділ жазасын берген жоқ. Ұры мен қары, тіпті әлімжетік пен құқықбұзушылықтың өзіне бұлай жаза тағайындамайды ғой! 1 жыл 6 ай деп үкім кесті! Үкімге келіспеймін, жемқоролық жайлап кеткен, енді апелляциялық сотқа арызданамын, тіпті халықаралық сотқа дейін барамын», – дейді Лала Кокинаева.

Жекпе-жектен Азияның күміс жүлдегері, джиу-джитсу бойынша Қазақстанның 3 дүркін чемпионы Аллахберді Ахмедов 2018 жылдың 8-қазанында мерт болды. Қорғаушының айтуынша, бұрыннан бас араздығы бар қазіргі сотталушымен мәселесін шешіп алу үшін «Сауран» демалыс аумағының қасында кездесетін болып келіседі. Қос тарап та қастарына дос-жарандарын ерте барған. Дәл сол күні «эвакуатор» ауыр көлігінің тізгініндегі қарсыласы қазақтың маңдайына біткен чемпионды қағып кеткен. Салдарынан 19 жастағы жігіт ауруханаға жетпей, жан тапсырды.

Қайрат Жүнісбеков, адвокад: «Сотталушы тіке немесе солға емес, оңға бұрылып кетіп, автокөліктің оң жағымен ұрып, үстінен басып кеткен. Соның іс-әрекетін біз қасақана өлтіру деп санап отырмыз. Өйткені, ол жүргізушінің автокөлікті жүргізуге құқығы бар. Нақты құжаты да бар. Оның сана-сезімінің бәрі орнында. Жүйке ауруымен ауырмайды, сол үшін ол кез келген жағдайда тежегішті басуға мүмкіндігі болған. Адамды өлтірмеуге, бір әрекет жасауға болатын еді».

Десе де соттың үкімі басқадай. Сотта бұл іс алдымен «қасақана кісі өлтіру» деген баппен қаралып, соңында «көлікпен абайсызда қағып кетті» деп өзгертілген. Ал үкім кескен судья сотталушыға 1 жыл 6 ай мерзім берілуінің себебін былай түсіндірді.

Әбсаттар Шахиддинов

Әбсаттар Шахиддинов, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Алиев деген азамат жаңағы автокөлікке бағыттап оқ атады. Ол оқ жолаушылар жағындағы әйнекті кесіп өтеді дағы, куәгер Нәбиевке оқ тиеді, маған оқ тиді, терезені тесіп өтті дейді де, жаңағы мынау рөлде отырған Карибовтың алдына құлайды. Карибов өз кезегінде  жаңағы қаруды кезеніп тұрғанын көреді: «мен қорыққанымнан жаңағы рөлді жіберіп, қасымдағыға қарай жатып қалдым», – дейді. Содан жол жиегіне өтіп,  көліктің өзі басқарылып, Ахмедовты басып өтті дейді».

Десе де, қыршынынан қиылған өрен – Қазақстанның абсолютті чемпионын жоқтап ата-анасы қалды. Енді олар перзентінің өліміне кінәлілер тиісті жазасын алуы үшін жоғары сотқа дейін барамыз деп бекініп отыр.

Мөлдір Бекеева