Бүгін алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс елуінші сессиясы өтті. Мәжілісте халық қалаулылары Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысын қарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған хатына сәйкес, Шымкент қаласы әкімі лауазымына Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовтың кандидатурасына келісім беру ұсынылған.

Сөз сөйлеген қала мәслихатының депутаттары қазіргі дағдарыс кезінде аймақты тәжірибелі әрі өңірдің тыныс-тіршілігін жетік білетін адам басқаруы тиіс, сондықтан ұсынылып отырған үміткер осы лауазымға лайықты, деп шешті. Дауыс беру кезінде халық қалаулылары бірауыздан Ғабидолла Рахматоллаұлы үшін қол көтеріп, қала әкімі лауазымына тағайындалуын мақұлдады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 5-тармағына сәйкес жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен кезде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері өкілеттігінің тоқтатылуына байланысты қаулы еткен болатын.

онымен қатар, сессияда «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс жасалды. 2019 жылғы 29 наурыздағы қала мәслихатының шешімімен «Құрметті азамат» атағын беру ережесі бекітілген. Ережеге сәйкес қала әкімдігіне түрлі мекемелерден,ұйымдардан ұсыныс келіп, қала депутаттарының қолдауымен қалаға айрықша еңбек сіңірген 10 азамат «Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» мәртебесіне ие болды

Айта кетейік, қағидаға сәйкес «Құрметті азамат» атағы жылына бір рет салтанатты түрде 10 адамға дейін беріледі. Бұл атаққа қаламызға айрықша еңбегі сіңген, оның ішінде экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен білімді дамытуға үлес қосқан,мемлекеттік және қоғамдық қызметте жетістігі бар, шығармашылықта, бизнесте, спортта, қайырымдылық шараларында белсенділік танытып, жемісті жұмыс жасаған азаматтар ие бола алады.

Атақты беру туралы шешімді Шымкент қаласы мәслихаты қала әкімінің ұсынысымен қабылдайды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомства аралық комиссиясының дербес құрамының және Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының дербес құрамының кадрлық ауыс-түйістер болуына байланысты қала мәслихатының шешімдеріне өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ, жиында былтыр ашылған «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмыс жоспары тыңдалды. Сессия күн тәртібіндегі мәселелер алдымен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында және «Nur Otan» партиясының фракциясыныңмәжілісінде егжей-тегжейлі талқыланды. Сессияға Баходир Салимов төрағалық етті.