«Ертұғырыл» фильмінің режиссері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келді

387

Бүгін белгілі режиссер Метин Гюнай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына тағзым еткен режиссер жерасты қылуеті мен шығыс моншасы, Рәбия Сұлтан бегім ана кесенесі және құнды мұралармен танысты.

«Ата жұртқа аңсап жеттім. Ерекше әсердемін. Түркістан — екінші Мекке. Түркістан — қасиетке ең бай жер. Түркістан — тарихтың жері. Мұнда келген әрбір азамат басын иіп, қасиетіне алғыс айтып келуі керек. Түркі жұртының тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қабірінің өзі адамзат баласын сабыр мен иманға, мейірім мен ізгілікке шақырып тұрғандай.

Жәдігерлерінің өзі ата — бабамыз тіл қатып тұрғандай үнсіз ғана сөйлейді. Елдің ырысы мен берекесінің символы тайқазанның тұрысы қандай әсерлі. Қаншама ғасырды басынан өткерген кірпіштердің ерекше көрінісі жаныңа өз шарапатын сыйласа, құдықтың зәмзәм суының өзі ғасырлар дәмін сездіреді»,- деді Метин Гюнай.

Айта кетсек, кино сүйер көрерменге белгілі қоюшы — режиссер, «Ертұғырыл» сериалының авторы әрі режиссері Гюнай Метин екі күн бойы Отырартөбе, Сауран қалашықтарымен танысқан болатын.

Елбасының арнайы шақыруымен Қазақстанға келіп даңқты батыр — Қасым хан жайлы көп сериалы фильм түсіруді қолға алған режиссер жобаға тарихи орындарды іздестіруде.