Түркістан ҚПБ-на жергілікті бірнеше тұрғындар арызданады. Олар өз арыздарында, гипноз арқылы алаяққа алданып, соның нәтижесінде үйіндегі бағалы заттары мен ақшаларын ұрлатып алғандарын көрсетеді.
Аталған жайт, қалалық Полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Орын алған алаяқтық дерегі бойынша Түркістан қаласының полицейлері тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуге тәжірибелі тәртіп сақшыларынан топ құрды. Полицейлердің тез арада іске асқан іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде 4 бірдей Өзбекстан азаматшалары Түркістан қаласының көшелерінің бірінен ұсталды.
Тергеп-тексеру барысында анықталғандай, 4 күдікті әйелдер алғашында қайыр сұрап жәбірленушілердің ауласына кіріп, сөзбен сенімдеріне кіріп, содан соң үйіңіз таза емес, дуаланған, біз тазартып береміз»,-деп алдап, үй иесін гипноздап, үйден табылған өздеріне қажетті ақша мен алтын бұйымдарын, азық-түліктерді жымқырып кеткен. Осылайша, жәбірленушілердің айтқан белгілері бойынша жедел іске кіріскен полицейлер барлық қажетті шараларды жасап, күдіктілерді қолға түсіреді.
Адамдарды сиқырлы күшпен алдау арқылы алаяқтық жасаған әйелдер қылмысы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда ұсталған күдіктілер қамауда. Полицейлер олардың Түркістан қаласы мен Түркістан облысында орын алған басқа да алаяқтық істеріне қатыстылығын тексеруде.
Өз кезегінде әккі алаяқтардан алданған тұрғынның біреуі Түркістан қалалық Полиция Басқармасының қызметкерлеріне кәсіби шеберліктерінің арқасында алаяқтарды ұстап, ұрланған заттарын тауып бергендері үшін шын жүректен алғыстарын білдірді.