24 маусым Түркістан облысы, Арыс қаласындағы жарылыс орын алған күні ҰБТ өткізуге жолданған ҚР БҒМ өкілдері Утенова Балбөпе Есенжанқызы, Нұржұманова Жанат Мекешқызы, Доскеева Шайза Асанқызы жергілікті тестілеу пунктісінде соңғы легтің апелляцияларын жүргізіп жатты.
Жарылыстан кейін БҒМ өкілдері жергілікті тұрғындармен бірге Шымкент қаласына аттанып, жол бойында олар жарылыс басталған уақытта ауруханадан қашып шыққан босануға жақын қалған екіқабат әйел мен жергілікті акушерді кездестірген. Жол бойында орналасқан Ақжар ауылында олар бірінші кездескен үйге кіріп, акушерге босандыруға көмек көрсетіп, нәтижесінде қыз бала дүниеге келген.
Утенова Балбөпе Есенжанқызы кішкентайдың кіндігін кесіп, «Кіндік шеше» атанды. Барлық адамдар қашып, құтылуға тырысқан жағдайда Утенова Б.Е., Нұржұманова Ж.М., Доскеева Ш.А. өмірлеріне төніп тұрған қауіпке қарамастан азаматтық парызын ұмытпай, қиын сағатта дүниеге жаңа өмір алып келуге ат салысты.
Осы қысқа іс-сапарда Утенова Б.Е., Нұржұманова Ж.М., Доскеева Ш.А. ҚР БҒМ өкілдері ретінде тестілеудің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ, өз қауіпсіздігі мен басқаның өмірін құтқару мүмкіндігі арасында таңдау жасау қажет болған қиын жағдайда парасаттылық танытты.
Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді марапаттады.