Арыстағы әскери бөлімде газдан уланып 3 адам қаза тапты

19
фото Отырар.кз

Арыстағы әскери бөлім аумағында газдан уланып 3 адам қайтыс болды.

Оқиға кәріз жүйесін тазалау жұмысын жүргізу кезінде болған көрінеді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 1 жұмысшы абайсызда құдыққа құлап кеткен. Ал оған көмекке барған 2 әскери мен 2 азамат жағдайының нашарлауына байланысты жоғарыға шыға алмаған. Салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды.

«Бүгін, 2024 жылғы 5 шілдеде, Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында кәріз жүйесіне қызмет көрсету мен тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде кәріз газымен улану салдарынан үш адам қаза тапты. Оның ішінде екі азаматтық тұлға және бір келісімшарт бойынша әскери қызметші бар. Аталған факті бойынша ҚР ІІМ ӘТБ Шымкент бөлімімен ҚР ҚК 156-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ал бір жұмысшы мен әскери қызметші Арыс қаласының ауруханасына жеткізілген. Қазір олардың жағдайы тұрақты-ауыр деп бағаланып отыр.