«Тегін» деп барып, несиемен қайтқан

«Жаңа ашылған орталық денсаулығыңыз бен сымбатыңызды түзетуге шақырады. Алғашқы клиенттерге барлық процедура тегін. Қызметіміз ұнаса, клиентіміз боласыз, ұнамаса өз еркіңізде. Ол үшін сізден ешкім ақы алмайды». Соңғы кезде осы сөздермен телефонға қоңырау шалатындар көбейген. Барлығының жарнамасы келісіп тұр. Қалтаң жұқарып, сұлулық түгілі денсаулыққа қаржы таппай жүргенде мұндай жарнама жаныңа майдай жағады. Тура бір саған арналған ұсыныс сияқты. Өкінішке қарай, халық: «бұл неткен батпан құйрық, айдалада жатқан құрық» деп ойланбайды. Сөйтіп, ақыр соңында бармақ тістеп қалатыны бар.

МЕДИЦИНА — НЕСИЕГЕ

Сондай жарнамаға сеніп, денсаулығын түзеткісі келген 60-қа жуық шымкенттік зейнеткер бүгінде бармақтарын тістеп отыр. Бұл бізге белгілісі ғана. Білмейтініміз қаншама. Елена Николаевнаның анасы сондай жанның бірі. Қызы анасының денсаулығын бір рет тексертуге барып, 300 мың теңгелік несиені қалай рәсімдеп келгенін түсіне алмай дал болып отыр.
– Телефонына бірнеше рет қыздардың қоңырау шалып, денсаулығын тегін тексертіп алуға мүмкіндігі бар екенін айтыпты. Сөйтіп, тегін тексертуге кеткен анамның үйге келгенде 300 мыңға несие рәсімдеп келгенін біліп төбемнен жай түскендей болды. Не үшін, қандай қызмет үшін? Келісімшартта ешнәрсе көрсетілмеген. Келісімшарт жалпылама жасалыпты,- дейді Елена Николаевна.
Еленаның айтуынша, анасы несиені қалай рәсімдегенін білмейді. Тегін қызметін алған соң, сондағылар әбден миымды айналдырып алды депті. Сөйтіп, өзінің алаяқтардың құрығынан түскенін білгенде төсек тартып ауырып қалған. Осылайша «денсаулығын түзетемін» деп барған әжей керісінше, дертіне дерт жабыстырып, мыңдаған теңгеге несиені арқалап үйде отыр.
Жарнамасы келіскен клиниканың арбауына Аминат Курбанова да іліккен. Қызының айтуынша, анасы клиникаға барғанда сондағылар жеке куәлігін сұрап алыпты. «Қайтарда қайтып аласыз» деген соң күдіктенбеген. Бірақ, бірінші процедурадан соң ондағылар қолына карточка беріп, бір жапырақ қағазға қол қоюын сұраныпты. Көзілдірігін үйде ұмытып кеткен әжей, жылы шырай танытып, алдында құрдай жорғалап жүргендерден еш күмәнданбаған. Сөйтіп, «қол қой» деген парақтың бәріне қолын қоя салыпты. Үйге келгенде ғана оның несие екенін білген.
– Несиені рәсімдеген соң, амал жоқ «сол клиниканың ем-домын қабылдаймын» деп шешті анам. Бірақ ондағы ем оған көмектескен жоқ. Керісінше жағдайы күрт нашарлап кетті. Сосын мұндағылар уқалау тағайындады. Одан соң да анамның жағдайы жақсармады. Жүрегі айнып, құсып жүрді. Екі күндей үйде жатып, тамшылатып дәрі қабылдады. Үшінші күні жүрек талмасымен ауруханаға түсті,- дейді Аминат Курбанованың қызы.
Анасының мұндай жағдайға түсуін клиникадағы ем-домның дұрыс жүргізілмеуінен деп біледі Аминаттың қызы. Сондықтан да ол клиникаға шағымданып барыпты. Сөйтсе, анасын емдеген дәрігерлердің біразы жұмыстан шығып кеткен екен. Ол-ол ма? Анасының дертін қоздырған орталық оның есебіне емделген 3 күн үшін 140 мың теңге есепшот шығарып берген. Және бұл ақшаны Аминаттың несие кәртішкесінен ұстап қалыпты. Осылайша, жеке клиникадан ем іздеп барған зейнеткер, керісінше солардың жамап берген ауруын өз зейнетақысынан үстеме пайызбен клиниканың пайдасына төлеп отырмақ.
Денсаулығын құртып, мойнына несие арқалағанның тағы бірі — Ольга Васильевна. Айтуынша, мұндағылар адамның санасын бір сәтте улайды. Сөйтіп, несиені қалай рәсімдегеніңді білмей қаласың.
– Банкке барсаң, менеджер электронды құжаттарды толтырады.Одан соң, банктің келісімін күтіп отырасың. Сосын келісімшартты көрсетіп, қол қойғызады. Ал бұл жерде мұндай схема жоқ. Көзді ашып жұмып үлгермейсің, мойныңда несие пайда болады. Көбісі амал жоқтан осы жерге қаралуға мәжбүр. Бірақ, ем қонды деген бірде-бір адамды көрмедім. Керісінше күніге бірнеше адам несиесін даулап, қызметіне көңілі толмай келіп жатады,-дейді Ольга Васильевна.

НЕСИЕНІ БҰЗУҒА БОЛАДЫ

Белгілісі мұндай клиникалар тек Шымкентте ғана емес, республикамыздың түкпір-түкпірінде, Ресей және ТМД елдерінде өте көп. Олардың атауы, көрсететін қызметі әр түрлі болғанымен жұмыс істеу механизімі бір. Жарнамасын келістіріп шақырады. Дәрігердің тегін қабылдауы, тегін тексеру мен зерттеулер деп арбайды. Одан соң жоқ ауруды жабыстырып, оның емін осы клиникадан ғана табатынына сендіреді. Қаржыңыз жоқ па? Уайымдамаңыз, қызметті қарызға, дәлірегі несиеге рәсімдеуге болады. Мұндай да, ұнамаған қызметтен бас тартқаныңызбен, рәсімделген несиенің күшін жоя алмайсыз. Сапасыз қызмет үшін де ақы төлеуге тура келеді.
Бірақ, көбіміз мұндай несиенің келісімшартын тоқтатуға болатынын біле бермейміз. Келесі кейіпкеріміз – Айжан Қурбанова. Осындай қармаққа түсіп, бірақ сытылып шыққан аздың бірі. Бұдан бір жыл бұрын осындай орталықтың біріне алданғанын айтады. Дәлірегі, сұлулық және фитнес орталығы деп шақырған жеріне қызымен бірге барып сәнденген. Бірінші қабылдау жарнамадағыдай тегін болған. Бірақ, екінші күні беті бөртіп қайта келеді. Мұндағылар бұл жолғы процедура ақылы болатынын ескертіпті. Сосын қайта басқа шеберлерге келгенде жеңілдіктер мен бонустар болу үшін және қолма-қол ақша болмаған жағдайда картамен төлеуге ыңғайлы екенін айтып, оған несие картасын ресімдеп жіберген. Дегенмен орталықтың қызметіне көңілі толмаған және күдікпен қараған Айжан 13- ші күні несиенің күшін жоюға әрекет етеді. Сөйтіп, қызмет үшін несие рәсімделген банктің бас ғимаратына барып, орталықтың үстінен шағымданып, несиенің күшін жоюға арыз тастайды.
–Осылайша, алаяқтардың құрығынан аман есен сытылып кеттім,-дейді ол.

НЕСИЕНІ ТОҚТАТУҒА БОЛАДЫ

Екінші деңгейлі банктерде нес-иеге рәсімделген келісімшартты бұзуға болатынын айтады. Олардың сөзінше, егер несие ақшалай рәсімделсе 14 жұмыс күн ішінде қаржының сомасын толықтай қайтара отырып, келісімшартты бұзуға болады. Егер несиеге рәсімделген тауарға не қазметке тұтынушының көңілі толмай шағымы болса, онда ол сол шағымын жазбаша түрде несие рәсімделген банкке өткізе алады. Бірақ, кері қайтару туралы арыз 14 жұмыс күнінен кешіктірілмеуі керек.
Айжан өз құқын пайдалана білген тұтынушылардың бірегейі ғана. Себебі уақытылы шағымданған. Ал келісімшарты толығымен өз күшіне енген пациенттер ай сайын алмаған қызметі үшін банкке ақы төлеп отыр. Өйтпеске лаж жоқ. Төлемесе, өсімі мен пайыздары алқымнан алады.
Ендігі кезекте клиниканың құрығына түскен шымкенттіктер әкімшілік сотқа арызданбақ. Емделушілер олардың әрекетін алаяқтық деп санайды. Ал, соттың бұл бойынша қандай шешім шығарып, іске қашан және қандай нүкте қоятыны белгісіз.

ТҮЙІН. Әрине, денсаулық пен сыртқы бет-әлпетке мән берген жақсы. Бірақ, тегін ірімшік тек қақпанда болатынын естен шығармаған абзал. Ал қақпан жабылса, құрыққа түседі. Сондықтан да, абай болыңыз. Жарнамаға еріп, милиондаған несиені арқалап кетпеңіз.

Айжан Ермекқызы