Улы жәндік шаққандар көбейген

657

Күн ыси салысымен қала маңында улы жәндік пен жылан қаптап кетті. Тіпті қарақұрт жер үйлердің де ішінен шығып жатыр. Жаз басталғаннан бері гипербариялық оксигенация орталығына бауырымен жорғалаушы шаққан 9 адам түскен.

Ауруханада жатқандардың денін қарақұрт пен жылан шаққан. Олардың ішінде жасы да, кәрісі де бар. Бауырымен жорғалаушының уытына уланған 15 жасар Бақдәулет гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдеммен жеткізілген.

Бақдәулет «Қырда сиыр айдап жүрген едім. Сол кезде шөп басып кеттім. Аяғым ашып кетті. Қарасам, жылан өтіп бара жатыр. Өкшемді шағып алыпты» дейді.

Бүгінгі күнде токсикология бөлімінде улы жәндік шаққан бес адам жатыр. Ал маусым айы басталғалы мұнда қарақұрт шаққан 6 адам, жылан шаққан 3 адам түскен. Улы жәндіктер көбіне табиғат аясында шабуыл жасайды. Токсикологтар тау-тасқа серуенге шыққан кезде қайғылы оқиғаға тап болмас үшін жабық киінуге кеңес береді. Әсіресе аяқ киімнің жабық болуын басты назарда ұстау қажет дейді.

Асылхан Мыңбосынов, Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығының токсикология бөлімі меңгерушісі: «Адамдар табиғат асына демалысқа шыққанда жабық аяқ киім киіп шыққаны дұрыс. Ал улы жәндік не жылан шағып алған жағдайда өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыз. Шағып алған орынды қолмен сығудың, ауызбен сорып алып тастауға ұмтылуың мүлде қажеті жоқ. Ең дұрысы, жедел жәрдемге тез хабарласу керек».

Ал үй, қора жайларда жылан шаққан азаматтар құтқарушыларға хабарласады. Маусым басталғалы мұндай шақыртулар да жиілеген.

Рауан Дүйсенбеков, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары: «Былтыр осы уақытқа қарағанда жылан шаққандар аз болған. Осы 2019 жылдың 1 маусымынан бастап 26 шақыру түсті».

Жыландар қала маңындағы жаңа құрылыс аумағында көп кездеседі. Құтқарушылар қала тұрғындарына үйлерінен жылан шықса, бірден 112 қызметіне хабарласуды сұрайды.

Айя Мүтәлі