Түркістан облысы Полиция департаментінің кезекті бір алдын алу іс-шарасы аясында алаяқтық жайтына қатысы бар күдіктіні құрықтады. Яғни, жергілікті тұрғын адамдардың сеніміне кіріп, жұмысқа орналастырып беремін деген ниетпен бірқатар азаматтардан ақша алған.
Жәбірленушілер ешқандай күмән келтірместен қылмыскерге өз қолдарымен ақшаларын әкеліп берген. Қомақты қаржы берген азаматтар бір жыл бойы күтеді. Ешқандай нәтиже шықпағаннан соң, құрғақ уәдеге әбден тойған тұрғындар Кентау ҚПБ-на келіп арыз түсірген.
Жәбірленушілердің айтуы бойынша алаяқ оларға жалпы сомасы 4 000 000 теңге залал келтірген. Арыз түскен күннен бастап Кентау ҚПБ-на ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды.
Жедел түрде тәжірибелі полицейлер арасынан арнайы топ құрылып қылмысты ашуға бағытталған түрлі кешенді әрекеттер атқарылды. Нәтижесінде, аталған жайтқа қатысы бар жасы 30-дан асқан, бұрын соңды сотты болмаған азамат ұсталды.
Қазіргі таңда полицейлер тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастыруда. Нақты шешім шығарылу үшін жинақталған барлық материалдар толығымен сотқа жолданатын болады.