Көшедегі сауатсыз жарнамадан көз сүрінеді. Жарнаманың кәсіпті дөңгелетуге қосар үлесі қомақты екенін ескерсек, әр кәсіпкер бұл іске жанашырлықпен қарағаны абзал, әрине. Алайда көп жағдайда сауатсыз маманның қолынан шыққан дүние кәсіпкерді, де кәсібін де ұятқа қалдыратыны бар.
Бүгінде басын ауыртқысы келмейтіндерге «гугл аудармашы» мен «яндекс аудармашы» көмек қолын соза алады. Алайда адам сынды ойлау қабілеті жоқ темір тетіктер тікелей аударып, сөздің мән — мағынасын қашырады. Тіптен болмаған жағдайда тіл маманына көрсетіп алуды да артық санайтындар бар ғой. Ақырында аудармаға ақша қимағандар сауатсыз жарнаманың «жар салып тұруына» септеседі.
Дегенмен жарнаманың тілін түзетуге қатысты жұмыстар атқарылмай жатқан жоқ. Ілгерілеу бар…
Сайрам аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Ақсукент ауылдық округіндегі жарнама, маңдайша жазуларын «Тіл туралы» Заңның 21-бабына сәйкес ретке келтіру, грамматикалық, стильдік қателерді болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың 14 маусымында «Сауатты жарнама – ауданның көркі» атты аудандық акция өткізуді қолға алып отыр.
Акция барысында қандай жазуларды түзету керек, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек беру, түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілуі керек екені туралы алдын-ала 2019 жылғы 13 маусымда өтетін жиналыста айтылмақ екен.
Тілім деп толғанатын, көшелерімізде сауатсыз жазылған жазуларға немқұрайлы қарамай, түзетуге тырысатын тіл жанашырларын аталған акцияға қатысуға шақырып отыр. Әр аудан, әр қала сауатсыздықпен осылай күрессе, тіліміз түзелері анық.