Арыста орын алған оқиға қаланың тұрғындарын ғана емес сапарға шыққан жолаушыларды да әбігерге салды. Бет алған бағыттарына жарылыс болған аймақ арқылы өтетіндер сапарларын Шымкенттен тоқтатқан. Шымқалаға күтпеген жерден қонақтап қалған елдің бір парасы автобуспен қайта жолға шықса, енді бірі әлі де көмек күтіп отыр.
Жолынан қалған жолаушылардың бірі — Гүлзия Ахонова. Сапарға Қызылорда қаласынан шыққан келіншек Шымкенттің теміржол вокзалында үш бірдей баласымен қалған. Түнгі үштен бері автобус күтіп отырған ол жолға қашан шығатынын да білмейді.
Гүлзия Ахонова, жолаушы: «Күтіп отырмыз. Біздің вагонды ауыстырды ғой. Сонымен енді кез-келген вагонмен кете алсақ деп отырмыз. Болмаса автобуспен барамыз».
Жолдан қалған өзге азаматтарға автобустар бөлінген болатын. Кеше түннен басталған жолда қалған жолаушыларға жедел көмек шаралары әлі де жалғасып жатыр. Діттеген жеріне жете алмағандардың қарасы да азаяр емес.
«Жолаушылар-Тасымалы» АҚ мәліметінше, 7 ірі стансада- Шымкент, Түркістан, Түлкібас, Тараз, Шу, Шиелі, Қызылордада 20 жолаушылар пойызы тоқтатылған. Ондағы 8 121 жолаушыларға жағдай жасалған. Сондай-ақ, Түркістан — Маңғыстау, Ақтөбе — Саратов және Шымкент — Тараз, Алматы бағыттарына жетіп алу үшін 2000 жолаушы автокөлікпен Түркістаннан Шымкентке жеткізілді.
Қызылорда-Сексеуіл арасында №42 Атырау-Алматы пойызының 430 жолаушысын жеткізу үшін 14 вагон қосымша тіркелген.
Назерке Үкібасова