78 849 адам. Шымкент қаласында тұратын зейнеткерлердің жалпы саны. Олардың 52 300-і әйел, 26549-ы ер кісі. Бұл бір миллион тұрғыны бар шаһардың 8 пайызға жуығы зейнет жасындағылар. Әйткенмен, Шымқалада қарттарымыздың бос уақытын әрі пайдалы әрі қызық өткізуіне жағдай жоқтың қасы. Ата-әжелердің бас қосып, демалатын орны саусапен санарлық.
АТА-ӘЖЕЛЕР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Бұл жаңашылдықты жаны сүйетін шымкенттіктер үшін жағымды жаңалық болды. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында қарттардың тынығып, сергуіне көп жағдай қарастырылған. Үш қабатты ғимарат заманауи тұлғаға қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Интернет-кафе, емдік-уқалау, физикалық-емдеу бөлмесі, кинозал, кітапхана, тренажер залы, йога, үстел теннисі, бильярд залдары және балаларға арналған ойын бөлмелері бар. Алдағы уақытта бассейн де салынады деп жоспарлануда. Орталық тәуліктің күндізгі 4 сағат уақытында 70 қартқа арнаулы әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетеді.
Ол үшін зейнеткерлерден ақша да алынбайды. Барлығы тегін. Сонымен қатар балалар үйінің бүлдіршіндері де осында келіп, ата-әже мейірімі мен қамқорына бөленетін болады. Мұндай мүмкіндіктер қарттардың да балалардың да денсаулығы мен руxани көңіл-күйіне оң әсерін тигізеді,-дейді бастаманың негізін қалаушы, қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына жазылу үшін қажетті құжаттардың тізімі:
— Қызмет алушының өтініші;
— Жеке басын куәландыратын құжат;
— Медициналық карта;
— Зейнеткердің куәлігі;
— Мекенжай анықтамасы.
Ескерту: Медициналық картаны алу үшін хирург, психиатр, окулист, отоларинголог, фтизиатр, терапевт, эндокринолог, кардиолог, ортопед дәрігерлерімен қатар тері-венерологиялық диспансерінен қорытынды алу керек.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы Шымкент қаласы, Х.Дулати көшесіндегі 36 үй мекенжайында орналасқан.
Ата-әжелеріміздің бос уақытын тиімді әрі жақсы өткізуіне арналған мұндай орталықтың ашылғаны жақсы, әрине. Бірақ, бұл игіліктің барлығы тек сол маңның тұрғындарына арнала ма дерсің. Өйткені, қаланың басқа бөлігінде тұратындар үшін мұнда келіп-кетуіне қолайсыз. Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірін саралап шықсақ, ең дұрысы әр ауданда өз орталығы болса игі. Сонымен қатар белсенділер аталмыш орталыққа келіп-кету үшін зейнеткерлерді артық қағазбастылықтан босату керек дегенді алға тартып отыр. Зейнеткерлердің құжат жинауға қауқары жоқ.
ШАХМАТ ПЕН БИЛЬЯРД ҒАНА
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай зейнеткердің басын қосатын, демалатын немесе спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін орынның аздығын айтады. Оның сөзінше, қалада ер азаматтар үшін бірнеше клуб жұмыс істейді. Атап айтсақ, олар Орталық саябақтағы «Ақ тұлпар» шахмат клубы және Кең-бабадағы «Бильярд» клубы. Бүгінгі таңда «Ақ тұлпар» шахмат клубының 150-ден астам мүшесі бар. Шахмат клубы күнделікті, таңғы 9:00-ден 18:00-ге дейін тегін жұмыс істейді. Ал бильярд клубы жекенің меншігі болғандықтан келісім бойынша тек түске дейін ғана тегін қызмет ұсынады. Одан кейінгі уақытта өз кәсібін ақылы түрде жалғастырады екен.
— Бұл клубтар қаланың орталығында орналасқан. Мұнда көбіне сол маңда тұратындар жиналады. Шай ішеді, әңгімелеседі. Бильярд, шахмат ойнайды. Саябатқа болған соң серуендеп, бой жазуға да қолайлы. Әрине, қаланың шетінде тұратындарға мұнда келу қиын. Жол азабынан бұрын, күннің ыстығы алқымнан алады. Бірақ, ардагерлер кеңесі шағынаудандарда тағы да екі бильярд клубын ашуды қолға алып отыр. Бұл аз, әрине. Мәселен жастардың баратын, көңіл көтеретін жері көп. Ал қарттардың бас қосатын орны саусақпен санарлық. Дегенмен, жұмыстар жүргізілуде. Оған ардагерлер кеңесі жанынан құрылған бастауыш ардагерлер ұйымының қосып жатқан үлесі көп,-дейді Исамудин Рысбай.
ӘЖЕЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ОРЫН ЖОҚ
Айта кетейік, қалада ардагерлер кеңесі жанынан 264 бастауыш ардагерлер ұйымы ашылған. Бұдан бөлек «әжелер алқысы» жұмыс істейді. Айтпақшы, бұл әжелерге арналған жалғыз ұйым. Себебі, қалада одан басқа әжелердің басын қосып, бос уақытын тиімді өткізуіне арналған тегін орталық та, клуб та жоқ. Мұнда әжелер мен ақ жаулықты аналар мектептерге, жоғарғы оқу орындарына, БАҚ-қа барып түрлі тақырыпта дөңгелек үстелдер, жиындар өткізіп тұрады. Жастарға ақыл-өсиетін айтады.
85 жастан асқан Сара әжей мұндай шаралардың өскелең ұрпаққа берері мол екенін айтады. Бірақ, кейде әжелердің де тынығып, демалғаны, өзара сырласқандары жақсы дейді.
— Бізді жасы келген «кемпір» дейді. Кемпірлерге не керек үйде отырмайды ма деп ойлауы мүмкін. Бірақ, төрт қабырғада қашанға қамалып отырмақсың? Далаға шығып, қатарластарыңмен әңгіме дүкен құрғың келеді. Бірақ, қайда шығасын? Тұрғын үйдің ауласында отыратын жөнді орындық болмаса? Әжелердің бас қосып, тоқымамен, тігінмен айналысып, өскелең жас ұрпаққа үйрететін жерді айтпағанда, өз аулаңда тынығып отыратын орындық та жоқ қой, — дейді жаңашаһарлық Сара әжей.
Осы орайда 85 жастағы ақжаулықты әжей әрбір ауданда ғана емес, әрбір көпқабатты үйдің ауласынан немесе бірінші қабатынан әжелерге арналған кабинет ашылса екен дейді. Онда қарт әжейлер қыз-келіншектермен дәмді астың мәзірімен бөлісіп, нан жабу, етті жіліктеу, тоқу, кестелеу, алаша тоқу, құрақ құрау сияқты түрлі тұрмысқа қажетті дүниелермен бөлісер едік дейді.
ОТЫНЫҒАТЫН ОРЫНДЫҚТАР КӨБЕЙСЕ ЕКЕН…
Редакциямызға хабарласқан жасы келген Даметер Булегенова осылай деп отыр. Шымкент қаласының құрметті азаматы, ертеректе «гормолкомбинатты» басқарып «қызыл басшы» атанған Дәметер Тұрарқызы бүгінде қаладағы ең жақсы көшенің бірі — Бекет батырдың бас жағында тұрады. Естеріңізде болса, қаладағы алғашқы Арбат дәл осы көшеде түсті. Мұндағы жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы 1 шақырымнан асады. Онда шайтанарбамен жүретіндерге де жағдай қарастырылған. Орындықтар, жарықшамдар бар. 700-ге тарта шырша егіліп, ақ қайын, 1000-ға жуық раушан гүл егілген.
Дегенмен Даметер Булегенова бұл жаңашылдықтан әбден қиналғанын айтады. Себебі осыған дейін үйінің дәл жанында орналасқан орындыққа отырып, Арбаттың көркіне тамсанатын. Демалатын. Ал енді оны алып тастағалы далаға шығудан қалыпты. Себебі, жаңа орындықтар үйінен өте қашыққа қойылған.
Осы ретте зейнеткерлер қала көшелерінде, арбаттар мен саябақтағы орындықтардың саны арттырылса құба құп болар еді дегенді алға тартады. Себебі, олардың онсыз да баратын жері аз. Ең болмаса шаршағанда аяқ созып отыратын орындар көп болса игі.
СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕНДЕР
Айтпақшы, қаладағы барлық саябақтарда жаттығатын алаңқайлар бар. Онда жастармен қатар, қарттар да жаттығуда. Айтуларынша жаттығу құралдары олардың жасына арналмаған. Дегенмен, спортты сүйетіндер бұған да қарайтын емес. Шама-шарпы келгенше қолдануда. Саябақтарда таңғы уақытта жүгіретін зейнеткерлер де көп. Тағы бір байқағанымыз қазір зейнет жасындағылардың арасында скандинавты жүріс сәнге айналғандай. Қолына жаттығатын қос таяқты ұстағандардың көбісі — славян ұлтының ата-әжелері. Осылайша олар өздерінің денсаулығын жақсартуға үлестерін қосуда. Айтуларынша, егер мүмкіндік болса жүзуге, теннис ойнауға да құлшыныстары бар. Бірақ, Шымшаһарда мұның бәрі ақылы. Сондықтан да, өз денсаулығына күтіммен қарайтын ата-әжелер саябақтағы тегін жаттығу алаңдарын місе тұтуға мәжбүр.
ТЕГІН ЖОЛДАМАЛАР БАР…
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасындағылардың айтуынша, мемлекет тарапынан қарттарға көңіл бөлініп, қолдау, көмек, қамқорлық көрсетілуде. Осы бағытта Шымкентте 8 әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме бар. Онда 1125 егде жастағы адам қызмет алуда. Жалғызілікті, егде тартқан қарттар үшін әлеуметтік қызметкер де қарастырылған. Бұдан бөлек зейнеткер-қарттардың сауығуы үшін «Денсаулық» және «Ардагерлер үйі» жұмыс істейді. Аты аталған сауықтыру орталықтары жыл сайын 200-ге жуық адамды қабылдайды. Мәселен, 2018 жылы «Денсаулықта» — 100, ал ардагерлер үйінде — 110 зейнеткер демалған. Ал мүгедектігі бар қарттарға Ақсу-Жабағлы, Біркөлік және Сарыағаш шипажайларына жолдама беріледі.
Елімізде зейнет жасындағы ата-әжелердің жіті көңіл бөлуде деп ауыз толтырып айтамыз. Дегенмен, бұл мәселеде еліміз кенже қалып келетін сияқты. Оған «Numbeo» Халықаралық аналитикалық базасы мамандарының жүргізген зерттеулері дәлел бола алады. 71 мемлекет арасында жүргізілген сараптама жұмыстарының нәтижесі бойынша қазақстандықтардың өмір сүру сапасы — 69 орында.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №25, 19 маусым 2019 ж