Аула жөндеу

Шымкенттік үйлердің аулалары жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Осылай деп ашынған Суриков көшесінің тұрғындары көмекті кімнен сұрарын білмей дал. Себебі олардың аулалары жыл сайын қайта қалпына келтірілетіндер тізімінен қалып қоя береді. Салдарынан, көненің көзіндей қиранды ойын алаңына шыққан балалар үйіне жарақатсыз қайтпайтын болыпты.

Тат басқан әткеншектер, тозығы жеткен ойын жабдықтары, сау-тамтығы қалмаған орындықтар. Бұл Шымкент қаласында орналасқан Суриков көшесіндегі ауланың сиқы. Кеңес дәуірінің жәдігеріндей болған қондырғылар 3- үйдің алдында әлі де менмұндалап тұр. Оған мінген жеткіншектер үйіне жарақатпен қайтады екен.

Қыздықой Оспанова, қала тұрғыны: «Осы жерде тұрғаныма 42 жыл болды. Мынау ауламыз менен бетер қартайып жатыр. Әлі шешімін таппай келеді. жоқ. Мына балалардың барлығы ойнауы керек. Осыларға қараймын».

Тасада қалдық деген аула тұрғындары жауаптылар алдына тағы да келді. Бірақ, табалдырықты тоздырған қараша бұл жолы құр уәдені тыңдап қайтқан жоқ. Атқамінерлер оларды алдағы аптаға белгіленген нақты жоспарымен қарсы алды.

Айдос Ордабеков, инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы: «Келесі аптада құрылысты бастаймыз. Қаламыздағы 100 аула қайта жаңартылады. Бағдарлама бойынша».

Әл Фараби ауданы бойынша 100 аула жөндеуден өтпек. Келесі аптадан басталатын құрылыс жұмыстарына 2 млрд. теңге қаржы жұмсалғалы отыр.

Назерке Үкібасова