7 нысан – киелі орындар тізімінде

573

Шымкент қаласында 7 нысан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енді. Тағы 8 нысан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосылды.

Мұның барлығы да ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Шымкент қаласынан республикалық маңызы бар тізімге енген 7 нысанның барлығы да Сайрам тұрғын алабына кіреді. Алтауы қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің санатына енсе, қалған біреуі, яғни Сайрам қалашығы археологиялық ескерткішке жатады.

Атап айтқанда:
1. Абдель-Азиз баб кесенесі Сайрам ауылының солтүстік шетінде, ескі мазарат ішінде (ХІХ ғ ортасы);
2. Ибрагим-ата кесенесі Сайрам ауылының солтүстік-батыс шетінде, Ақ-су жолының оң жағасында (ХҮІІ-ХХ ғғ);
3. Қожа Талих кесенесі Сайрам ауылының орталығында (ХІХ ғ);
4. Мірәлі баб кесенесі Сайрам ауылының орталығында, ескі мазарат ішінде (ХІХ ғ соңы);
5. Қарашаш ана кесенесі Сайрам ауылының орталығында, мазарат ішінде (ХҮІІІ ғ);
6. Қызыр мұнарасы Сайрам ауылының шығыс шетінде (ХІХ ғ);
7. Сайрам қалашығы (Исфиджаб) Сайрам ауылындағы Сайрам-су өзенінің оң жағасында (ҮІІІ-ХҮІІ ғғ) орналасқан.
Ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енетін 8 нысанның төртеуі қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, ал қалған төртеуі археологиялық ескерткіштер қатарына енеді. Бұлардың барлығы да қаланың әр бөлігінде жатыр.
Дәлірегі,
1. Металлургтар сарайы 1 Мамыр көшесі, 10 үй (1950-ші жж ортасы):
2. Тұрғын үй Анаров көшесі, 22 үй (ХХ ғ басы);
3. Никольский шіркеуі Кең-Баба балалар саябағының ішінде (ХХ ғ басы);
4. Мектеп Қалдаяқов көшесі, 12үй (1950-ші ж ортасы);
5. Шымкент қалашығы қаланың оңтүстік бөлігінде (б.з.д ІІІ-ІІ ғғ. б.з.-ХІХ ғғ);
6. Оба (патшалық) Д. Қонаев және Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысында (І-ІҮ ғғ);
7. Оба қорымы Бадам өзенінің сол жағасы, Шымкент қаласынан Ташкентке шығар жолда (б.з.д. І мыңжылдық);
8. Жеке оба Бадам өзенінің сол жағасы, майкомбинатына қарсы бетте (б.з.д І мыңжылдық) орналасқан.
Шымкент қаласындағы «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі Зәуре Оралбаеваның айтуынша, қазір Шымкенттегі киелі орындарда, атап айтқанда Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерінде көріктендіру жүргізіліпті.
«Бүгінгі таңда Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалалары мен «Туған жер» жобасы аясында алты жоба жүзеге асты. «Атамекен» кіші бағдарламасының шеңберінде демеушілер мен меценаттардың есебінен құны 1,6 млрд теңге болатын 32 жоба жүзеге асады», – деді Зәуре Оралбаева.
Сонымен қатар, Шымкенттің аудандарында әлеуметтік картаға сәйкес бірқатар құрылыс жұмысы басталған. Атап айтқанда, Әл-Фараби ауданында 20 аула жөнделіп, 1 балабақша салынады. Абай ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 300 млн теңгеге 8 алаңқайдың құрылысы басталған. Еңбекші ауданында 43 спорт алаңқайын жөндеп, абаттандырып, 63 ауланы ретке келтіруге 1 млрд 686 млн 500 мың теңге бөлінген.
Бүгінде бұл жұмыстың 30%-ы орындалды. Қаратау ауданында 20 спорт алаңқайы соғылады. 43 аула абаттандырылып, ретке келтіреді. 2 мектеп салынады.

«Оңтүстік Рабат», №23, 5 маусым 2019 ж