Халықты өнімді еңбекпен қамту бағдарламасына қосымша 50 млрд. теңге бөлінеді

107
фото 24.кз

Үкіметінің отырысында халықтың әл-ауқатын арттыру мен әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін жастарға үй беру тетігі мен аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несиелер беру жағы да сөз болды.

Үкімет отырысында 3 жылға арналған республикалық бюджетке және 2017 – 2021 жылдарға арналған, шағын несиелендіру құралдарын кеңейтуге, гранттар бөлуге, қысқа мерзімді оқытуға және кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы жобалары қабылданды. Жұмыссыздарды өнімді жұмыспен қамтуға тартудың маңыздылығын ескере отырып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тетіктерін кеңейтуге қосымша 50 млрд теңге қаралады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – ҚР Үкіметінің жұмысының негізгі бағыты». Министрлер кабинетінің бірінші кезектегі міндеті – әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға бірден кірісу, оларды уақытылы орындау үшін барлық ұйымдастырушылық және құқықтық іс-шараларды шұғыл жүргізу. Бұл азаматтардың материалдық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді”.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бір апта ішінде азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдалану тетіктерін айқындауды, азаматтардың кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша қордаланған айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығаруды тапсырды. Және жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдарды іздеу мен бос жұмыс орындарын толтырудың белсенді форматына көшу арқылы Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жетілдіруді тапсырды.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағыты бойынша мемлекеттік органдарға жұмыс істейтін жастар арасында тұрғын үй бөлу тетігін бекітуді аяқтауды және аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несиелер беру тетігін іске қосуды жеделдету тапсырылды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «1 қыркүйектен бастап тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 5 мың нысаналы білім гранты қосымша бөлінеді, жұмысшы мамандықтарының стипендиясы 30 пайызға артады».

Барлық өңірлердің әкімдеріне бүкіл нормативтік рәсімдерді қатаң сақтау, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға мониторинг жүргізу тапсырылды.

Асқар Мамин «Қабылданып жатқан шаралар ең алдымен нақты мұқтаж азаматтарды қолдауға, оның ішінде жастарды қолдауға, сондай-ақ адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталғаннын атап өтті.

“Біздің азаматтарымыздың проблемаларын шешу көп жағдайда үйлесімді жұмысқа байланысты” деді Үкімет басшысы.

Шынар Оразова