«Қазақ тазысын көрші елдер патенттеп алмақ». Иә, Түркістан облысының тазы ұстаушылары осылай дабыл қағады. Сөздерінше, көршілес Ресей және Түркия мен Еуропаның бірнеше елі тазыны Орта Азияның ортақ итіне балап, «Орта Азия борзайы» атауымен патенттеуге құжат әзірлеп жатыр-мыс. Жеті қазынаның бірі саналатын таза қанды құмай тазыларымызды тiркеуден өткiзiп, халықаралық деңгейде мойындатпасақ, құмартқандардың дегені болып, қазынамыздан айрылып қалуымыз әбден мүмкін. Бұған алаңдаған «Қансонар» республикалық қауымдастығының Түркістан облысындағы өкілдігі аңшылық иттер көрмесін өткізді. Алматыдан арнайы келген сарапшы тазылардың сыртқы келбетінің өлшемін жасап, алғырлығын сынады. Сыннан сүрінбей өткендерге құжат берді.
Тазылар – таза иттер
Көрмеде тазыларын ерткен 40-қа жуық азамат жүрді. Тазыларын ары-бері жүгіртіп әлек. Тиесілі нөмір айтылғанда, арнайы қоршалған алаңға кіріп, баптап-өсірген тазыларының таза қанды екенін дәлелдеуге тырысты. Арнайы сарапшы тазының тұмсығын, құйрығын, бойын, дене тұрқын өлшеп, қағазына жазып алды. 30 жылдан бері тазы өсіріп, олардың санын арттыруға үлес қосып жүрген тазыгерлердің бірі – Қажымұрат Көпешев. Көрмеге 6 жасар қызы Аяулымды да ерте келіпті. Аяулым әкесінің жолын қуып, болашақта тазы асырауды армандайды. Әкесі де бұған қарсы емес. Өйткені, ол үшін әлемде тазыдан асқан асыл ит жоқ.
Қажымұрат Көпешев, тазы ұстаушы:
— Тазы атауы «таза» деген сөзден шыққан. Тазы – аңшы ит. Өте ақылды, алғыр, тазалықты жақсы көреді, өздері де таза жүреді. Бұрында ата-бабамыз киіз үйдің ішіне өзінің шапанын төсеп, жанына тазысын бірге жатқызған. Өйткені олар иесімен аң аулап, бір елді асыраған асыл тұқымды үй жануарлары. Адамға ешқашан қиянат жасамайды. Ең бас-тысы, тазылар – «абориген» иттер, яғни олар зауыттан шықпаған, қолдан жасалмаған, тек табиғаттың жаратылысымен пайда болған.
«Қазақстанда 8 мыңға жуық тазы бар»
Иә, тазының қасиеті көпті таңқалдыратыны рас. Бірақ Қажымұраттың айтуынша, тездетіп әрекет етпесек, асылымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін.
– Ресей, Түркия тазыларды патенттеп алғысы келетінін естіп жатырмыз. Бұған жол бермеу керек. Елімізде 8 мыңға жуық тазы болса, соның 500-і ғана таза қанды. Ал патенттеу стандартына сәйкес, кем дегенде мың итті сипаттап жазып, олардан жоқ дегенде үш өсім алу керек. Таза қанды болуы шарт. Екіншіден, иттің тектілігін дәлелдеу керек. Бізде ол иттер жайлы құжаттар сақталмаған. 1976 жылдан бергі тазылар жайлы ақпарларды жинап, шежіре жазып жатырмын. Енді солардың барлығын жинақтап, патентке ұсыныс беру қажет. Ұсыныс жасаған соң 8 жылдан кейін ғана патент беріледі. Онда да стандартқа сай болса ғана береді. Сол үшін таза қанды тазыларды көбейтуіміз керек. Мемлекет тарапынан да кішкене қолдау болса екен. Өйткені мұндай көрмелерге қатысушылар алыстан келеді, жолы мен тамағының шығыны бар. Тіпті көрмеге қатысу 3-7 мың теңге шамасында тұрады. 2-3 тазы алып келсең, әжептәуір ақша жұмсаймыз,-дейді Қажымұрат Көпешов.
Құмай тазы асыраудың қиындығы
Көрмеге келгендердің бірі – мақтааралдық Медетбек Жолшиев. Екі тазысы бар екен.
Медетбек Жолшиев, тазы ұстаушы:
– Құмай тазының екі түрі болады: шашақ құлақты, жарғақ құлақты. Аң аулау қасиеті, дене пішіміне қарай үш түрге бөлінеді: кесек денелі (ірі, қасқыр алады), орта денелі (жұп болып, топ болып қасқыр алады), майда денелі (түлкі, қоян алады). Қай түрі болмасын, өте жылдам, өте еңбекқор. Тазы сенің көзіңе қарап-ақ не қалап тұрғаныңды сезеді. Өте талапшыл. «Асыраймын» деп шешсеңіз, тұқым туралы жақсы білу керек. Қаны шатыспас үшін, таза тазылармен ғана қосу керек. Жылуды жақсы көреді. Тамағына жақсы көңіл бөліп, етті бір қайнатып берген дұрыс. Ал күшіктеріне 6 айға, яғни ит тісі шыққанға дейін ет беруге болмайды. Тамағы құнарлы, бірақ аз болуы тиіс. Тым тойып алса, қозғалуы қиынға айналады. Тазылар адамға шаппайды. Оларды байлауға болмайды, көп жүгіруі керек. Сынағыңыз келсе, аңға шығарыңыз. Тазылар қоян, түлкі, шибөрі, қарсақты жақсы алады. Елімізде 1 мың дана таза қанды тазы жоғына сенбеймін. Ауыл-ауыл аралап қарау керек. Өйткені, тазыны тек далада тұратын адамдар асырайды. Ал олар диқаншылықпен, шаруашылықпен айналысады. Мынадай көрмелерге уақыты жоқ, тіпті көрме өтетінінен бейхабар. Бүгінгі көрмеге келгендердің басым бөлігіне хабарластым. Менен естіп келіп отыр.
Тазылардың да құжаты бар
Ал Керімбек Өзбеков көрмеге баласы Ахат пен немересі Нұрқанатты да ерте келген. Бәрі де тазы ұстайды. Ахат Омаровтың 10-ға жуық тазысы бар.
Ахат Омаров, тазы ұстаушы:
–Балаңа қандай мейірім төксең, тазыларға да солай қарау шарт. Өйткені олар адамға адал еңбек етеді. Бір жерің ауырса, сезеді. Сені айналшықтап, өзі де мұңайып қалады. Тазының қасиеті көп. Мысалы осы көрмеде тазыдан басқа да поинтерьер, выжла, неміс драдхары секілді аңшы иттер жүр. Солар бір-екі қасиетке ие болса, олардың әрқайсысына тән қасиеттің барлығы бір тазыда бар. Тазыларды сипағанда қолыңыз сасымайды. Басқа иттерді қар немесе жауын жауып тұрған кезде аңға алып шықсаңыз, түске дейін жұмысын істеп, түстен кейін су сіңіп, бүкшейіп қалады, атқа артып әкелесіз. Ал тазылар түнгі 12-ге дейін жүгіріп, сізге қызмет етеді. Басқа иттер олжасын ұстағанда терісінің быт-шытын шығарып, тесіп тастайды. Ал тазылар ұқыппен ұстап, алқымдап өлтіреді. Айта берсең, жақсы жақтары көп. Сол үшін бұл итті біз патенттеуіміз керек. Міне, бүгін көрмеде тазыларымызды қарап, сынап жатыр. Сынақтан өткен тазыларға құжат береді. Әр тазының құжаты болғаны дұрыс. Патентке ұсыныс беруге жақсы. Осы құжаттармен 2020 жылы Түркияда өтетін көрмеге қатыса аламыз. Бүгінгі көрмеде өзіміздің «тазы құдаларымызды» да тауып, танысып алдық.
«Таза қанды тазы көрмедім»
Көрмеге келгендердің бәрі де тазыларының таза қанды екеніне сенімді. Бірақ Қыбырай Омаров мұнымен келіспейді.
–1970 жылдары ауылымызда тазы көп еді. Бірақ олардың көзі жанып тұратын, тістері алмастай өткір, бір орнында тұра алмайтын, шаршауды білмейтін. Кейін түрлі қиыншылықтар болып, оларды жойып алдық. Оның үстіне, көбі қалаға көшіп кетті. Ал тазылар қалада өмір сүре алмайды. Көрмеде жүрген тазылардың біреуін де таза деп айта алмаймын, көзім жетпейді. Барлығы әлсіз, көздерінде от жоқ,-дейді ол.
Алматыдан келген халықаралық дәрежедегі сарапшы Рашид Аубакировтің сөзінше, оңтүстік тазылары стандартқа әбден сай екен.
– Көрмеге келген тазылардың жағдайы жақсы, барлық жағынан стандартқа сай. Құйрығы жіңішке, жартылай қайырылған, мойындары жіңішке. Өлшемдері сай еместері де бар. Бірақ саны жағынан да, сапа жағынан да Түркістан облысының көрсеткіштері басқа өңірлермен салыстырғанда өте жақсы. Кеңес үкіметін билеген Никита Хрущев табиғатына сай түлкі, қояндарды шетінен аулаған тазыларды өте ынжық, жабайы санаған. Сол үшін барлық аңшылар тазыларды жаппай қырды. Міне, сол кезде осындай тамаша иттердің біразынан айырылып қалдық. Бірақ осындай көрмелер тазылардың санын арттыруға серпіліс береді,-дейді сарапшы.
Енді ұйымдастырушылар мұндай көрмелерді жиі өткізеді.
Руфат Шаходжаев, «Қансонар» республикалық қауымдастығының Түркістан облысындағы өкілдігінің директоры:
–Тазыларды сақтап қалу өте қиын, бейнетті жұмыс. Тазы баптап, көбейтіп жатқан азаматтарға мың алғыс. Құмай тазымызды сақтап қалу үшін бірлесіп жұмыс істей беру керек. Көппен бірге ғана нәтижеге жетуге болады. Көрмеге 100-ге жуық аңшы иттер әкелінсе, соның ішінде 40-тан астамы тазылар. Солардың басым бөлігі сынақтан сүрінбей өтті. Демек, олардың заңды құжаттары болады. Алдағы уақытта осындай көрмелерді жиі ұйымдастырамыз.
Тазы Қазақстанда ұлттық тұқым деп мойындалған. Десе де, ол тазының ежелден қазақтың иті екенін дәлелдеуге жетпей тұр. Сондықтан да осындай көрмелер көмегін тигіссе игі.
Әйтпесе…
Әлия Әділбек
«Оңтүстік Рабат». №16. 17 сәуір 2019