Мұғалімдер біліктілік тестін тапсырады

2280

Жаңа талап бойынша ұстаздар ұлттық біліктілік тестін тапсырады. Тест 2-4 маусым аралығында «Silkway» Халықаралық университетінде, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде және Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да өтпек. Біліктілік тестінің қорытындысы мұғалімдердің жалақысына әсер етеді. Қосылатын ақы бұрынғы бірінші, екінші санатқа төленетін ақшадан әлдеқайда жоғары болмақ. ҚР заңнамасына сәйкес, білім саласында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар бес жылда бір рет аттестациядан өтуге міндетті. Сынақтан өтуге өтініш білдіргендер және оларға қойылатын талаптар туралы Шымкент қалалық Білім басқармасының бас маманы Айткүл Оспановадан сұрадық.

– ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығындағы 2 тарау 2 параграфтегі «Бастауыш, негізгі орта және жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттары» бойынша аттестациядан өтуге өтініш берген педагог қызметкерлермен білім мекемелерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұлттық біліктілік тестілеуіне қатысуға өтініштерді қабылдауды тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясы жүргізді. Жалпы орта білім және арнайы білім беру ұйымдарының пән мұғалімдерінен, сонымен қатар, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, дефектолог, өзін-өзі тану мұғалімдерінен жаңа форматтағы аттестаттау жүйесі бойынша ұлттық біліктілік тестілеуден өтуіне байланысты, өтініштер толық қабылданды. 2019 жылы 10 наурыз бен 2 мамыр аралығында енгізілген педагог қызметкерлердің деректері тексеріліп, база 2 мамыр күні жабылды,-дейді Айткүл Оспанова.
Шымкент қаласы бойынша барлығы – 4699 педагог ұлттық біліктілік тестін тапсыруға өтініш білдіріпті.
Айткүл Оспанова мұғалімдердің біліктілігін аттестациялаудың жаңа жүйесінің ерекшеліктері қолданыстағы санаттарға эквивалент ретінде енгізілген педагог, педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, шебер педагог санаттары педагогтың кәсіби біліктілігін, пәндік білімін айғақтайтын тиімді үдеріс екенін баса айтып өтті.
Біліктілік санаттарын беру үшін аттестатталушы адамдарды кезекті аттестаттау екі кезеңде жүзеге асырылады. Соның бірінші кезеңі осы ұлттық біліктілік тестілеуі. Тестілеуде теріс нәтиже көрсеткен аттестатталушы адамдар жылына ең көбі бір рет қайта тапсыра алады. Теріс нәтиженің мұғалімнің жұмысына, алып жүрген жалақысына еш әсері болмайды. Тестілеуде оң нәтиже көрсеткен аттестатталушы адамдар аттестаттаудың екінші кезеңіне өтеді. Ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижесі бір жылға дейін жарамды.
Тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда, аттестатталушы адамдар апелляциялық комиссияға жүгіне алады. Бірыңғай талаптардың орындалуын қамтамасыз ету және тест тапсырмаларын бағалау кезінде даулы мәселелерді шешу, тестілеуді өткізу кезеңінде аттестатталушы адамдардың құқықтарын қорғау мақсатында республикалық апелляциялық комиссия және тестілеуді өткізу пунктіндегі апелляциялық комиссия құрылады.
– Ұстаздардың біліктілігін аттестаттаудың жаңа жүйесі коллегиальдық, ашықтық, жүйелілік, айқындық және обьективтік талаптарына сүйене отырып жасалған. Сондай-ақ, бұл жаңа жүйедегі аттестацияға негативттік тұрғыда қарауға болмайды. Себебі, қолданысқа енгеніне аз ғана уақыт болса да өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Біз де өз тарапымыздан біліктілік санатын жоғарылату, педагогтар мен оларға теңестірілген тұлғалардың еңбек ақысын біліктілік дәрежесіне сәйкес көтеру, педагогтың кәсіби мәртебесін арттыруға жасалған дұрыс шешім деп есептейміз. Мұғалімнің қызмет қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау барысында сабақты зерттеу дағдыларын және бағалау құралдарын әзірлеу оны комиссияға көрсете білу, білім алушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуды қамтамасыз етеді, сонымен қатар тәлімгерлікті жүзеге асыру және қала, республика деңгейінде өзінің кәсіби жетістіктерін айқындайды. Жас мамандар үшін бұл жаңа жүйедегі аттестация өзінің кәсіби шеберлігін шыңдауға ұмтылыс екені даусыз. Сондықтан жаңа аттестациялау жүйесі жаңа білім саласындағы талаптарға толығымен жауап береді. Әрбір мұғалімнің кәсіби шеберлігін ашық түрде бағалайтын жүйе,- дейді бас маман.
Қаламыздағы №7 Қ.Спатаев атындағы мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Камиля Егізбаева 2018 жылдың мамыр айында, яғни алғашқы лекпен біліктіліктен өткен.


– Бұрын жоғарғы санатты мұғалім едім, педагог зерттеуші квалификациясын алу үшін тест тапсырдым. Жалақыма 40% үстемақы қосылды. Күнделікті сабақты жан-жақты ізденімпаздықпен өтіп жүрген мен үшін өз пәнімнен тестке дайындық көп уақыт алмады,-дейді Камиля Егізбаева.
Ол педагогика-психология пәнінен біршама ізденуге тура келгенін жасырмады.
– Дайындық үшін өте көп көмегі тиген байқау тесттері болды. Мәселен, тестцентр.кз сайтының байқау тесттері. Қолым қалт ете қалса, компьютерді аша салып, байқау сынағын тапсырдым. Математика пәнінің қиындығы 70 есеп келетін. Шығарып отырып, түбіне жетпейтіндей көрінетін. Шаршататыны да сол еді-деп еске алды мұғалім.
Оның айтуынша, біліктілік тесті айлыққа қосымша жалақы алу не алмауға таңдау мүмкіндігін береді.
«Бұл өте ыңғайлы. «Білімдісің бе? Дәлелде де, табысыңды арттыр!»,- деп өзге ұстаздарға үндеу тастады.
– Маған бұл жүйе өте ұнады. Сондықтан да бірінші лекпен тест тапсыруға өтініш білдірдім. Аттестация екі бөлімнен тұрады: тест және жеке портфолио жасау. Екінші бөлімнің кемшілігі – қайтадан бұрынғы қағазбастылыққа алып келеді. Осы тұста мұғалімнің жетістіктерін онлайн тіркеп отыратын жүйе керек секілді. Ұстаздың жетістігі өз уақытында мұғалімдер порталында тіркелсе, қағаз жинап әуреленбес едік — деп, өз ұсынысын да айтты.
«Әлем көші тоқтамас, ермесең сені жоқтамас» — деген тәмсіл бар халықта. Күн санап дамып жатқан әлемде, білімнің көшін алға сүйрейтін ұстаздарымыз бәсекеге қабілетті болуы шарт екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. Ендеше, алда сынақ тапсырғалы отырған ұстаздарға сәттілік тілейміз.

Гүлсезім ӘЛІШЕР

«Оңтүстік Рабат», №22, 29 мамыр 2019 ж