ҚР қорғаныс министрлігінің дерегінше, оқ-дәрі қоймасы елдімекеннен және әскери бөлімнен кемі бір шақырым қашықтықта орналасуы міндетті. Ал, Арыстағы оқ-дәрі қоймасы небәрі 200 метр қашықта болған. Ал, адамдарды басқа жаққа қоныстандырып, арақашықтықты ұлғайту үшін қаржыландыру жетіспепті. Бұл туралы ҚР қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов хабарлады. Бұл туралы vlast.kz сайты жазады.
– Қоймалар 200 метр қашықтықта болған. Негізінен, 3 шақырым қашықтыққа орналасуы міндетті еді. Біз қашықтықты 10 шақырымға алыстатуға бірнеше рет құжат тапсырдық. Алайда, адамдарды тұратын жерінен көшіру қажет болды. Теміржолы 800 метр қашықтықтан өтеді. Біз 2005 жылдан бері оқ-дәріні басқа аймаққа тасымалдаумен айналысып жатырмыз. Бірақ, барлығын тасып үлгірмедік,-дейді Бектанов.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің хабарлағанындай, оқ-дәрі қоймалары әскери бөлімнен 700 метр қашықта болған.
– Елдімекендер кейбір тұста 1-2 шақырым қашықтықта тұрған. Базаны көшіру туралы шешімді ҚР қорғаныс министрлігінің бөлімі қабылдауы тиіс болатын. Қару сақталатын орыннан нысандардың орналасу қашықтығы бойынша норматив бар. Сәйкесінше, алдағы уақытта аталған нысанның елдімекендерге жақын орналасуы бойынша шешім қабылданады,-деді ол.
Айта кетсек, 24 маусым күні Арыс қаласындағы 44859 әскери бөлімінің аумағындағы оқ-дәрі қоймасында өрт шықты. 25 маусым күні сағат 11-де өрт ошағы жалғасты. Әскери бөлім аумағы 2700 га құрайды, онда 89 оқ-дәрі қоймасы орналасқан, сақтау орындарының ауданы 150 мың шаршы метрден асады.
ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың хабарлауын-ша, 25 маусым күні таңғы мәлімет бойынша, 2 адам көз жұмды.
– Қаланы қоршай блогпост қойылған. Қалада ешкім қалмады. Тұрғын үйлер зақымданған және жарылмаған снарядтар бар. Сондықтан, азаматтар өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сол себепті, кіруге тыйым салынған. 75 полиция наряд жұмыс істеп жатыр. 3 адам тұтқындалды. Олар екі қылмыс жасаған. Магазин тонаған, үй тонаған. Кірген шыққан көліктер тексеріліп жатыр. 2 адам қайтыс болды. Біреуі жауынгер, біреуі тұрғын. 2 адам жансақтау бөлімінде жатыр. 34 адам ауруханаға жатқызылған. 19 тұрғын үйдегі, 9 шаруашылық жайдағы, 14 даладағы өрт сөндірілді. Қазіргі уақытта снарядтар ұшып жатқандықтан әскери бөлім қоймасындағы өртті сөндіру қиын болып отыр. Сондықтан қаладан 41 мыңдай адам шығып кетті: 39 мыңы өз бетімен шықса, 2815-і эвакуацияланды ,- деді Тұрғымбаев.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Арыстағы электр желілері бұзылған.
– 60-70 пайыз үйдің терезелеріне соққы толқынынан зақым келген. Материалдық шығынды комиссия анықтайды. Комиссия жұмысы Қорғаныс министрлігінің саперлік жұмысы аяқталғаннан кейін басталады. Тиісті есептеулер жасалған соң, қалпына келтіру жұмыстары мемлекетті резервтен құрылыс материалдары бөлінеді,- деді ол.
ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың хабарлағанындай, қазіргі уақытта барлығы 165 адам медициналық көмекке жүгінген.
– 76 адамға амбулаториялық, 89 пациент стационарлық емдеуге жатқызылды. Оның 15-і жансақтау бөлімінде жатыр. Политравма диагнозымен ем қабылдауда. Негізгі бөлігі, Шымкенттегі облыстық клиникалық, облыстық балалар және қалалық клиникалық ауруханасында ем қабылдауда.
Реанимацияда 2 бала жатыр. Барлығы денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында,- деді Біртанов.
Ал Үкімет басшысы Асқар Мамин қала қысқа мерзімде қалпына келтірілетінін айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына бойынша, үкіметтік комиссия Арыс қаласындағы тұрғын үйлерге, әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына келтірілген залалдарды анықтап, жұмыс қорытындысы бойынша қажетті шешімдер қабылданады. Қала қысқа мерзімде қалпына келтіріледі,-деді ол.

«Оңтүстік Рабат», №26, 26 маусым 2019 ж