10 миллион тұратын 4 көрпе

216

Кеше түнгі 11-лер шамасында Шымкенттегі №1 дарын мектеп-интернатына жолымыз түсті. Баласын жолғатқан ата-аналардың бірі телефон арқылы бүлдіршінінің Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылында екенін білді. Абыржыған келіншек «Енді «Атбұлаққа» қалай жетеміз?» дей бергені сол-ақ екен сонда тұрған жігіттердің оншақтысы «Мен апарайын, мен апарайын» деп таласып қалды. Ақыры мемлекеттік нөмірі «058 17» деген (сериясын жаттап үлгермедім) «Nissan qashqai» автокөлігібаласына асыққан ата-ананы ала жөнелді…

Сөйткенше, төрт көрпесін ақ матаға орап иығына салып арқалап бір апа келе жатыр. Зейнеткер екені көрініп тұр. Қасындағы екі немересіне де бір-бір көрпе көтертіп қойыпты.

«Әй балалар, мынаны алыңдар, үйдің түбінде осындай жағдай болып жатқанда жылы төсекте қайтіп тыныш жатамыз, үйдегі бар көрпешенің жартысын алып келдім, алыңдар қарақтарым» дейді апамыз…

Қайрат Молдасейітов секілді азаматтар 10 миллион ақша аударыпты. Алла разы болсын! Менің бір білетінім, әлгі апаның арқалап келген 4 көрпесінің құны да, қадірі де 10 миллионнан бір мысқал да кем емес. Себебі, адамның адал пейілі ештеңемен өлшенбейді.

Мына сөзді естіп толқып, тұла бойым шымырлап кетті. Күн сайын жазып жүрген елдің елдігі, халықтың ынтымағы деген ұғымдарды құр ауызбен айтпай, алғаш рет жүрекпен сезіндім. Осындай періште пейіл халықтан қайтіп айналмайсың?!

Әлгі екі эпизод самарқау тарта бастаған санамды солқ еткізді. Өмірге, жұмысқа, шығармашылыққа деген құлшынысымды арттырып жіберді. Өміріміз осы халыққа иненің жасуында пайдамыз тисе деген ниеттің үстінде өтсе, арман не?!

Қаза болғандардың жақындарына Алла сабыр берсін, жарақат алғандардың тез сауығып кетуіне ел тілекші. Арыста болған оқиғалар Жаратқанның біздің халыққа берген сынағы шығар. Халқымыз сол сынақтан сабырмен, ынтымақпен, иманмен өтіп жатыр. «Әр түннің артынан келетін бір таңы бар» демей ме? Енді мұның өтеуі ретінде елде үлкен қуаныштар боларына, жақсы замандар орнарына сенеміз.

Айдар Құлжанов