Шымкент қаласының орталық ауданында кішкентай қыздың өлі денесі табылды. Сарапшылар «Кәусәр есімді қыз өз құсығына тұншығып өлді», — деп қорытынды шығарды. Ал жалғыз қызынан айрылған ана мамандардың берген жауабына сенбейді.
Желкілдеп өсіп келе жатқан жалғыз гүлінен айрылған ана бүгін перзентін жер қойнына тапсырды. Сөзіне сенсек, ол қызы жоғалған күні бірден көмек сұрап полицияға хабарласқан. Олар ауданның түкпір-түкпірін шарлап шыққанымен, қыздың мәйітін туыстары тапқан.
Үйге көтеріп әкеліп, тез арада жедел-жәрдем қызметін шақырған. Ақ халаттылар ата-анасы мен туыстарына кішкентай Кәусәрдің көз жұмғандығын естіртіпті. Бүлдіршіннің денесін тәртіп сақшысы сол сәтте бірден үйден алып кеткен.
Қазіргі уақытта 3 жасар қыздың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі қыздың жұмбақ өлімі бойынша іс Шымкент қаласы прокуратурасы мен Полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында екеніне сендірді.
Әсел Сәденова, Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: «Сараптаманың алдын ала қорытындысы бойынша жасөспірім қыздың өлімі құлау нәтижесінде «құсу массасының механикалық асфиксиясынан», яғни өз құсығына тұншығып қалу салдарынан болуы мүмкін делініп отыр. Себебі оның ішкі құрылысында шайқалу белгілері бар. Сонымен қатар, сараптама оның денесінен зорлық-зомбылық белгілерін таппаған».
Құзырлылар өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сай тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды деп қысқа қайырды. Ал, қайғыдан қабырғасы қайысып отырған ана тергеушілер мен сарапшылардың болжамына күмән келтіріп отыр.
«Қызым өз құсығына тұншығып өлетіндей жаста емес. Бөпе емес қой ол! Және ол табылғанда аяғы талтайып жатқан! Сондықтан, мен қызыма қасақана әрекет жасалды», — деп ойлаймын дейді қаза болған қыздың анасы Клара Умербаева.
Халық арасында «МЖК» аталып кеткен бұл шағынауданда қылмыс жыл санап артып келеді дейді жергілікті тұрғындар. Мұндағылар жасөспірімдерге жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері бұған дейін де орын алған деп отыр.
Әсіресе, күн ұясына батқанда қараңғы аулаларда маскүнемдер мен қанғыбастар қаптап кететіндігін айтып шағымданды халық. Тұрғындар елдімекендегі «криминогенді» ақуалды тиісті орган қызметкерлерінің салғырттығымен байланыстырады. Қайғылы жағдайдан әлі күнге ес жия алмай отырған көпшілік балаларды сыртқа шығаруға қорқып қалған.
Ернар Балабеков