Газет редакциясына хабарласатын оқырмандардың сауалы көбіне-көп әлеуметтік сала төңірегінде болады. Олардың сауалын жауапты сала мамандарына жолдаймыз. Жауабын қаз-қалпында жариялаймыз. Дәстүрлі «Оқырман сауалы» айдарымыздағы сұрақтар сізге де қатысты болып, жауабын пайдаңызға жарап жатса, қуанамыз.
«Жер кезегіне тұра аламын ба?»
Сұрақтарға Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары М. Абдрахманов жауап берді.
С: 2010 жылы жер кезегіне тұрдым. Кезегім қашан келеді? Сондай-ақ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы ипотекаға пәтер алдым. Бұл жер кезегіме әсер ете ме
Әйгерім
Ж: Сіз 03.12.2010 жылы №Т-7777 санды өтініші негізінде №55924 санымен жер кезегіне тіркелген екенсіз. ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері тек инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақтардан беріледі. Әзірге мұндай жер жоқ. Сондықтан да күте тұруыңызға тура келеді. Сіздің атыңызда баспананың болуы жер кезегіне әсер етпейді.
С: 5 баламыз бар. Біреуі мүгедек. Жергілікті атқарушы органдарында баспана кезегінде тұрмыз. Жер кезегіне де тұруға құқымыз бар ма?
Айгүл
Ж: ҚР Жер Кодексінің талаптарына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке тұрғызылу үшін мүдделі тұлғалар жеке куәлік көшірмесін тіркеп, әкімнің атына жазбаша өтініш білдіру қажет Өтінішке қоса: жеке куәлік көшірмесін тіркеу қажет. Басқа құжаттар талап етілмейді.
Егер, Сіздің атыңызда басқа да жылжымайтын мүлік бар болған жағдайда немесе тұрғын үй алуға кезекке тұрған болсаңыз, алайда мемлекет тарапынан жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер учаскесін алмасаңыз, жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер кезегіне тұруға әсерін тигізбейді.
«Айлығым 42500 теңге. Декрет төлемім қанша болады?»
Бұл сұраққа Шымкент қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиал директоры Б.Оспанов жауап берді.
С: Мен декрет демалысынан жұмысқа енді шықтым. Жүктімін. 5 айдан соң қайта бала тууға байланысты декреттік демалысқа шығамын. Яғни менің әлеуметтік аударымым 6 айға ғана жүргізіледі. Жалақым – 42500 теңге. Декрет төлемім қанша болмақ. 1 жасқа дейінгі бала күтіміне ай сайынғы алатын жәрдемақы мөлшерімді есептеп берсеңіз екен.
Нұргүл
Ж: Қазақстан Республикасының 25.04.2003 жылғы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 23-1-бап 3-тармақшасы бойынша Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдi тағайындау тәртібі:
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлем денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген бүкіл кезеңге тағайындалады және осы Заңының 23-1-бап 4-тармақшасы бойынша әлеуметтiк төлем мөлшерi әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту арқылы айқындалады.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу кезінде орташа айлық табыс мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыс сомасын он екіге бөлу арқылы мынадай формула бойынша айқындалады:
Мысалы: Егер, сізді жалақы мөлшеріңіз 42 500 тг 6 айға есептелінген жағдайда онда:
1-ші жағдай: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №183 бұйрығының 56- тармағы 1-тармақшасы бойынша жүктіліктің отызыншы аптасынан бастап ұзақтығы күнтізбелік жүз жиы-рма алты күнге қалыпты босанған жағдайда: (6 ай x 42 500 тг = 255 000тг/12 ай = 21 250 x 4,2= 89 250 тг);
2-ші жағдай: жоғарыда аталған бұйрықтың 3 тармақшасы бойынша асқынған босану, екі және одан да көп бала туған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағы жалпы ұзақтығы күнтізбелік жүз қырық күнге берілген жағдайда: (6 ай x 42 500 тг = 255 000 тг/12 ай=21 250 тг x 4,7= 99 875 тг)
Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күндер санын күнтізбелік отыз күнге бөлу арқылы айқындалады. Мысалы: (126/30=4,2) немесе (140/30=4,7)
Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн ай сайынғы әлеуметтiк төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін табысты алмастыру коэффициентіне көбейту арқылы айқындалады:
Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.
Сіздің жағдайда: 6 ай x 42 500 тг = 255 000тг /24 ай=10 625 тг x 0,4= 4 250 тг.
Бұл ретте, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының жеті еселенген мөлшерінің қырық пайызынан аспауға, ал әлеуметтік төлемнің ең төмен мөлшері бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс.
бірінші балаға – 16 160 теңге;
екінші балаға -19 107 теңге;
үшінші балаға –22 024 теңге;
төрт және одан да көп балаға –24 970 теңге көлемінде тағайындалады.
«Мүгедекпін. АӘК аламын ба?»
Сұрақтарға Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Дария Ордабаева жауап берді.
С: Мен 2-топ мүгедегімін. Жасым 61-де. Зейнетке мүгедікпен шықтым Зейнетақым -72 700теңге. Бірақ дәрі-дәрмектен артылмайды. Өзім жалғызіліктімін. Бала шағамда жоқ. Сұрайын дегенім, АӘК ала аламын ба?
ХҚКО-ына барсам, «горсобезге» жіберді. Қайта бармадым. Жұмыстарына немқұрайлы қарайды.
Забираш
Ж: Жалғызілікті және/немесе жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға, сондай-ақ құрамында еңбекке жарамды мүшесі (мүшелері) бар аз қамтылған отбасыларға, оның (олардың) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына және (немесе) әлеуметтік бейімделу қажет болған жағдайда шартты ақшалай көмек көрсетіледі. Бірақ, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237- бұйрығына сәйкес, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда жиынтық табысты есептеу кезінде отбасының әлеуметтiк төлемдері, атап айтқанда, мүгедектiгi бойынша алынған табысы ескеріледі. Сәйкесінше, Заң шеңберінде, Сіздің жиынтық табысыңыз жан басына шаққандағы кедейлік шегінен асып тұрғандықтан аталған көмек түрін тағайындау мүмкін емес.
«Мүгедек балаларыма берілетін жәрдемақы табысқа есептеле ме?»
С: Менің 4 балам бар. Екеуі мүгедек. Мен атаулы әлеуметтік көмектің шартты түріне құжат тапсырдым. Себебі жұмыс істеймін. Жалақым 42500 теңге. Бірақ «соңғы үш айда 93 мың теңге жәрдемақы алғансыз» деп, өтінішім кері қайтарылыпты. Бұл мүмкіндігі шектеулі қызыма алатын қаржы еді. Сонда мүгедектікке берілетін жәрдемақы кіріске есептеле ме? АӘК алуға ешқандай мүмкіндігім жоқ па?
Ахмет
Ж: Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек:
– көп балалы,
– мүгедек баласы бар,
– әлеуметтік осал топқа жататын,
– айлық табысы жан басына шаққанда төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан, яғни 20789 теңгеден астайтын отбасыларға;
– бөгде адамның күтімі және көмегіне мұқтаж;
– бірінші немесе екінші топтағы мүгедектерге;
– қарттарға тағайындалады.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау ережесіне сәйкес, отбасының жиынтық табысын есептеуде он алты жасқа жетпеген мүгедек балаларға тағайындалатын жәрдемақы қаралмайды. Алайда сол мүгедек балаларды күтуге байланысты ата-анасына бекітілген төлем отбасының жиынтық табысына есептеледі. Сондықтан Сіздің қазіргі таңда мүгедек балаларыңызды күту үшін алып отырған 93000 теңгеңіз табыс көзіне саналады. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің шартты түріне тапсырғаныңызға қарағанда, отбасыңызда жұмысқа қабілетті жан бар. Ол да табыс көзіне саналады. Осыдан келіп, отбасыңыздағы жалпы табыс көзі, яғни отбасыларыңыздың жиынтық табыс көзі жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен асып тұрған жағдайда (20 789 тг), мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке жүгіне алмайсыз.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №23, 5 маусым 2019 ж