Шымкентте 25-26 мамыр күндері триатлон спортынан «Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup» атты Азия кубогі өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған турнирдің мақсаты – қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

Ол турнирді ұйымдастырған Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке алғыс білдірді. Барлық қатысушыға және келушіге сәттілік тілеп, мұндай халықаралық турнирлер Шымкентте жиі-жиі өтуі тиіс екенін, мұның туризмді дамытуға, қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына ықпалы тиетінін айтты.
Жарыстың бірінші күні, яғни 25 мамырдағы турнир кәсіби спортшылар арасындағы бәсекеге арналды. Бұған әлемнің 14 елінен, атап айтқанда Сербия, Словения, Австралия, Жапония, Гонконг, Люксембург, Сирия, АҚШ, Франция, Иордания, Румыния, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қазақстаннан барлығы 34 ер және 11 әйел атлет қатысты.
Шымкенттің Наурыз алаңында өтіп жатқан турнир ерлер арасындағы сайыстан басталды. Олар «Жайлаукөл» саябағының су айдынында 1500 метрге жүзді. Кейін 40 шақырым веложарыс жолына шықты. Сосын 10 шақырымға жүгірді.
Сонымен ерлер арасында I орынды Сербия азаматы Огнен Стоянович жеңіп алса, қазақстандық Аян Бейсенбаев II орынға шығып, Австриядан келген Лукас Гсталнтер III орынға тұрақтады.
Ал әйелдер арасында Румыниядан келген Манак Антонелла I орын алды. Оңтүстік Кореядан келген Юн Джан Чан II орынға, қазақстандық Арина Шульгина III орынға шықты.
Турнирді Қазақстан Триатлон федерациясы және Шымкент қаласының триатлон федерациясы бірлесіп ұйымдастырды. Бас серіктес «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюповтың айтуынша, мұндай турнирлерді өткізуге Шымкентте барлық мүмкіндік бар.


– Әлемде «IronMan» чемпионаты өтеді. Соған шығу үшін спортшылар кезеңдік турнирлерде нәтижелерін бекітуі тиіс. Әр мемлекет сол турнирлерді өткізуге ұсыныстарын береді. Биыл Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары арасында бәсеке болып, таңдау Шымкент қаласына түсті. Күзде жартылай марафон өтеді. Жартылай марафонды өткізу қыркүйектің соңына жоспарланған. Соны да Шымкент қаласында өткізуді ұсынып жатырмыз. Бірақ, таңдауды комиссия шешеді. Бізде жартылай марафонды өткізуге барлық мүмкіндігіміз бар. Сол жартылай марафон біткен соң Temiradam марафоны болады. Ал спортшылар Temiradam-ға қатысу үшін міндетті түрде осындай турнирлерге қатысып, бәрінен өтіп, тіркеліп, барлық мәліметі тіркелуі керек. Өйткені, Temiradam марафонында 17 сағат бойына физикалық қозғалыс жасайды. Жүзеді, велосипедпен жүреді, жүгіреді,-дейді Рашид Аюпов.
Басқарма төрағасының сөзінше, мұндай турнирді өткізудің Шымкент қаласын танытуға пайдасы мол. Туризмді дамытады.


– Толерант-тылықты дамыту, қаламызды танытуда сырттан көп адам келуі керек. Турист тартуға бағытталған шараларды көбірек өткізу қажет. Осы триатлон турнирі – соның бірі. Сондықтан да қолдап отырмыз. Тағы бір себеп, триатлон турнирлеріне қатысу тенденциясы өте жоғары. Жастар көп қызығады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында триатлонмен айналысуға үлкен алаң әзірленген. Бізде әзірге сондай жоқ. Бұған халықты тартып, үйрету керек. Алдағы уақытта Шымкентте тұрақты түрде өткіземіз. Екіншіден, «Шымкентте Temiradam-ды өткізсек» деген үлкен жоспарымыз бар. Соған әрекет жасаймыз. Бұған көп дайындық қажет. Күзде жартылай марафонды жақсы өткізсек, барлық кемшілікті анықтаймыз. Келесі жылы да өткізе аламыз. Содан дайын боламыз. Бізде мұндай турнирлерді не күзде, не көктемде өткізуге болады. Жазда болмайды. Өйткені, бізде жазда күн – ыстық», – дейді ол.


Келесі турнирді Михайловское су қоймасында өткізу жоспарланған. Триатлон федерациясының қызметкерлері келіп, сондағы суды, барар жолды, барлығын көріпті.
– Қаладан алыс емес екенін есепке алды. Оларға сондағы су және оның температурасының төмендегі ұнап жатыр. Биыл Өзбекстанда Қазақстан жылы. Соған сәйкес Қазақстан-Өзбекстан бірлескен триатлон турнирін өткізу жоспарымыз, соны Шымкентте өткізсек деген ұсынысымыз бар. Өйткені, Михайловское су қоймасын бір рет баршасына көрсетіп, танытып аламыз. Енді бір жағынан бізге Ташкент те жақын. Бірлескен турнир өткізуге қолайлы, – дейді Рашид Аюпов.
Жарыстың екінші күні, 26 мамырда әуесқой атлеттер арасында триатлоннан ұлттық турнир өтті. Сайысқа жеке есепте 77 атлет пен 2 эстафеталық команда қатысты.
Айта кетсек, Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup – құрамына 35 ел кіретін Азиялық Триатлон Конфедерациясының бастамасымен кәсіби спортшылар арасында триатлоннан өткізілетін құрлықтық турнир саналады.
Ал Триатлоннан «TEMIRADAM» кубогінің ІІІ кезеңі – қалың бұқара арасында салауатты өмір салты мен триатлонды насихаттау мақсатында Age Group(әуесқойлар) санатындағы спортшылар арасында триатлон бойынша өткізілетін ұлттық турнирдің кезеңіне жатады.
Триатлон – жүзу, веложарыс және жүгіру секілді жекелеген спорт түрлерінен құралған мультиспортивті циклдық олимпиадалық спорт түрі. Триатлон кезеңдерін спортшылар кезекпен және үзіліссіз бағындырады. Халықаралық деңгейде триатлон Халықаралық Триатлон Одағының (International Triathlon Union) ережелерімен реттеледі.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №22, 29 мамыр 2019  ж