Түркістан құрылыс
Түркістан құрылыс

Түркістан қаласының іргесіндегі жаңа шағынауданда көпқабатты үйлердің құрылысы қарқын алған. Мына құрылысы аяқталуға жақын 48 пәтерлі үйдің қас беті қапталып бітсе, пайдалануға тапсырылады.

Бұдан бөлек, бұл құрылыс алаңында Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі жерде көпқабатты үйлер де бой көтеріп келеді. Мәселен, 60 пәтерлі үйдің құны 534 млн. теңгені құрайды. Баспана мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне ұлестіріледі.

Қанат Шатманов, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілі: «Бұл жерлер Әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясының меншігінде. Біз мемлекеттік сараптама жасағанбыз және жұмыс жобасын да әзірледік. Инвестор келгенде жер дайын, инженерлік желілер де тартылған. Су, кәріз, газ жүйесінің барлығы алдын ала қарастырылған. Мақсатымыз — қазан айына дейін «Сырдария» мен «Арман» түрғын кешендерінің құрылысын аяқтау».

Тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға 1 ай қалғанда корпорация үйді құрылыс басқармасымен бірлесе тапсыруға дайындайды. Айта кететін жәйт, құрылыстың барысы техникалық қадағалу мекемесінің бақылауында. Жергілікті билік үйді сатып алған бойда баспана салған инвесторға жұмсалған қаражатын қайтарады.

Жандос Байырханов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары: «Бүгінде Тұркістан қаласында баспана кезегінде 8 мыңнан астам адам кезекте тұр. Өздеріңіз байқағандай облыс орталығында құрылыс қарқын алған. Әсіресе тұрғын үй құрылысы. Пәтерлердің кілтін кезектегі азаматтарға табыстау шілде, қыркүйек айларына жоспарланған. Күзге дейін 1,5 мың пәтер үлестіріледі».

Құрылысқа жергілікті мамандар тартылған. Түркістанға жақын орналасқан ауылдағы ағайындар өңірде жұмыс табылғанына риза.

Әлімхан Бабаханов, Жаңа Иқан ауылының тұрғыны: «Басқа өлкеге бармай-ақ, өзіміздің  Түркістанда жұмыс табылғаны біз үшін жақсы болды. Жалақымызда ойдағыдай».

Облыс орталығы болып, құрылысы қарқын алған соң Түркістанның бас жоспары да нақтыланып жатыр. Басты құжатқа сәйкес әкімшілік іскерлік орталығында тұрғын үй кешендерінің құрылысы да қарастырылған.

Шынар Оразова