Талапкерлерге берілетін гранттар 5-10 тамыз аралығында сарапқа салынады. Білім министрі аз қамтылған және көпбалалы жанұядан шыққан түлектерге 5 мың грант бөлінетінін жеткізді.
Грантқа ие болу үшін үміткерлер алдымен, 21-31 шілде аралығында өтетін негізгі республикалық конкурсқа қатысып, бағын сынайды. Конкурс бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасының түлектері грантқа ие бола алмаса, көмек ретінде бөлінген 5 мың грантқа үміт арта алады.
Дегенмен осы 5 мың гранттың бірін иеленуі үшін түлектер ҰБТ-дан сүрінбей, кемі 50 балл жинауы керек. Кейін жергілікті әкімдікке барып, екінші конкурсқа қатысу үшін өтініш беруі тиіс. Билік өкілдері талапкердің әлеуметтік жағдайын тексереді. Егер түлек көпбалалы немесе атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының перзенті болса, 5-10 тамыз аралығында өтетін екінші конкурсқа қатысады. Гранттар еңбек нарығына яғни, сұранысқа ие мамандықтарға сай бөлінбек.
Мақпал Рысбаева