Тасаттық беретін ауыл

1046

«Тасаттық» рәсімі жайлы естуіңіз бар ма? Жақында Ордабасы ауданының «Қайнар» мен «Ұялы жер» ауылының тұрғындары бірлесіп осы рәсімді өткізді. «Тасаттық» – ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан көне рәсімдердің бірі. Ал біздің кейіпкерлеріміз мұны Алладан жаңбыр сұрау ниетімен жүзеге асырған. Ендеше бұл қандай рәсім, діни тұрғыда қалай дұрыс атқарылады? Біздің өңірімізде қаншалықты жиі өткізіледі? Сауалдарға мақаланы оқи отырып жауап аласыз.

Ауыл тұрғындарының «Тасаттық» рәсімін өткізу барысына қатыса алмадық. Бірақ, қатысушы адамдармен сұхбаттасып, рәсім жайлы сұрадық. Қайнар ауылындағы «Қайнар» мешітінің имамы Жарылқасын Шакирәлиевтің айтуынша, ауылдастары бірлесіп, «Тасаттық» рәсімін жыл сайын өткізеді. Мұндағы басты себеп, күн жылынып, егін шаруашылығы басталғанда шаруаларға тигізер пайда. Және «жаңбыр жауса, ел көгерер» демекші жердің көктеп, мал тойынуына да жаңбырдың әсері мол. Сондықтан бұл рәсім осы ауылдарда тұрақты өткізіліп келетін мерекеге айналған.

– Біз «Тасаттық» рәсімін жыл сайын өткіземіз десек болады. Тек өткен жылы ғана бұған себеп болмады. Биыл көктем өте құрғақ басталды. Жер көгеріп, мал тойыну керек. Ауылдың адамдары мал шаруашылығымен күн көретінін білесіздер. Көктем басталысымен егін аруашылығымен айналасытын шаруаларымыз да бар. Ал ол кісілердің жұмысының жүруі құдайдың жаңбырына қарап тұр. Сондықтан да ауыл адамдары жиналып, ақылдасып, ортадан қаржы жинап бір-екі мал сатып алып бәріміз жиналып осы рәсімді жасаймыз. Жыл сайынғы дәстүріміз биыл да жалғасын тапты,-дейді Жарылқасын Шакирәлиев.

Жарылқасын мырза бұл жолы «Тасаттыққа» екі малды құрбандықа шалғандарын айтады.
–Ең әуелі ауыл адамдарының барлығы яғни, үлкен-кішіміз қалмай жиналамыз. Жыл сайын мешіт ауласында бас қосамыз. Екі малды дайындап, жаратқаннан жаңбыр сұрап құран оқыдық. Одан кейін біреуінің етінен тамақ жасап, енді бірін ауылымыздағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына таратып бердік. Тамақ пісіп жатқан уақытта ауылдың әжелеріміз бастаған нәзік жандылары дастарқан жаяды. Ол кісілер де үйлерінен әртүрлі тағамдарын пісіріп дастарқанға қояды. Тамақ піскен уақытта тағы да құран оқып асқа отырамыз. Барлығы бір Алладан жаңбыр жаууын тілеп тарқасамыз. Бір араға жиналған жастар «Тасаттық» рәсімінің соңында түрлі ойын ойнап, арқа-жарқа болып жатады. Бір жағынан бұл рәсім адамдардың ынтымағын, береке-бірлігін асыруға да пайдасын тигізетіні анық,-дейді ол.


Жарылқасын Шакирәлиевтің айтуынша, «Қайнар» және «Ұялы жер» ауылының тұрғындары «Тасаттық» рәсімін жасағаннан кейін 10 күн ішінде жаратқан тілектерін қабыл алып жаңбыр жауған. Содан кейін Алланың нұры тоқтамай бір ай жауды. Тіпті әлі күнге жаууда.


– Иә, біз рәсімімізді жасағаннан кейін тоқтаусыз айға жуық уақыт жаңбыр жауды. Бұл жерде тек біздің ғана ауыл емес Ордабасы ауданына қарасты 40-қа жуық мешіттің ұйымдастыруымен «Тасаттық» рәсімі өткізілген. Яғни, осынша ауылда ұйымдастырылған болып отыр. Өздеріңіз де білесіздер тоқтаусыз жауған жаңбыр да адамды әбіржітетіні анық. Егінге зияны тиюі де ықтимал. Сондықтан да мен кейбір ауылдарда жаңбырды тоқтату мақсатында да «Тасаттық» рәсімі өткізілгені» жайлы естідім. Whatsapp мессенджерінде «біз жаратқаннан жаңбырды тоқтату үшін тасаттық беріп жатырмыз» деген фотолор келіп жатты. Аллаһым құлдарының тілегін қабыл алып жаңбыр жауып шаруалар бір серпіліп қалды. Ешқашан да жаратқаннан үмітімізді үзбейік. Алла мейірімді шынайы тілегін кез келген құлының тілегін кері қайтармайды,-дейді ол.
Осы орайда Шымкент қалалық Бағұт баба мешітінің наиб имамы Ербол Қалшабековтен тасаттық рәсімі жайлы пікірін сұрадық.
– Бұл «Тасаттық» рәсімі екі деңгейде жасалынады. Біріншісі, егер қуаншылық болып, жаңбыр жаумай жатса ел-жұрт болып жиналып Аладан жәрдем сұрап, ниет садақаларын тастап Алла жолында мал шалып, жаратқанның нұры жаусын, берекесі жаусын дегшен ниетпен жасаланады. Яғни, құрбандықа мал шалу арқылы жасалынатын діни рәсім. Ал екінші деңгейі – ол егер жаңбыр тоқтамай жауа беретін болса, онда да ел болып жиналып, садақталырн беріп «осы жауып жатқан жаңбыр өз орнымен берекелі, қайрлы еткізіп жауғыза көр» деп тілек тілеп, ните қылып, құрбандарын шалуға негіз бар. «Тасаттық» рәсімі Алла жолында жасалынатын діни рәсім. Бұл шариғатта жазылған. Оның ешқандай кедергісі жоқ. Ескеретін бір жағдай, рәсім барысындағы Құранды мүмкіндігінше, құранды білетін адам яғни ауылдың ақсақалдары немесе мешітте қызмет ететін арнайы имамдар оқығаны абзал. Мұндағы айтпағым, құранды қатесіз оқыған абзал. Құран оқылғанан кейін ауыл ақсақалдары «өсіп келе жатқан ұрпақтың несібісін мол ете гөр» деп тілегін тілеп, дұғасын жасауына болады. Алланың мейірім рахымына сеніп, ауылдың адамдары бүкіл жамағат болып, тілек тілесі сол аулдың ауызбіршілігі және ынтымағы үшін қол жайған елдімекендерге Алла тағала берекесін де жаудырады нұрын да жаудырады екен. Осындай ауызбіршілікті, берек-бірлікті көріп өскен ұрпақтарымыз жаман болмаса анық. Оның нәтижесі таза ниетті ұрпақтарымыздың көбеюіне алып келеді. Жалпы «Тасаттық» рәсімге міндетті түрде осындай деңгейде осындай мал шалыңдар деген нәрсе хадисте айтылмаған. Бірақ мүмкіндігінше, құрбандыққа шалынатын малдарды шалған жақсы. Мысалы қой, түйе немесе сиыр деген сияқты малды шалса, жақсы. Бұл – парыз емес. Бұл дегеніміз мұсылман жұртышлығының Алла жолындағы ниеті. Сөз соңында айтарым «Тасаттық» рәсімінің шариғатқа зияны жоқ. Сондықтан да дамдар ниетіне қарай осы рәсімді өткізуге әбден болады.

Міне, «Тасаттық» рәсімі қалада өткізілмесе де ауылдарда әлі күнге жалғасын тауып келеді. Тіпті жыл сайын өткізіледі десек артық емес.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №22, 29 мамыр 2019 ж