«Туыстың баласын алуға болмайды екен»

878

Бір перзенке зар болып, кейін келе туысқандарынан бала асырып алған отбасының оқиғасын газетіміздің WhatsApp нөміріне арнайы жолдаған кейіпкеріміздің әңгімесіне арнаймыз. Баланы ешқашан туыс немесе таныс адамдардан асырап алмау керек деген ол туған әпкесінің бастан кешкен оқиғасын баяндап берді.

Біз бір анадан екі қызбыз. Бірге туғандарымнан жар дегенде жалғыз әпкем бар. Заманның қиын кезінде жарғақ құлағы жастыққа тимей мені оқытып, асырап-бағу үшін барын салды. Өзі де оқыды. Білімді, білікті маман болып жетілді. Ата-анамыз біздің кішкентай кезімізде қайтыс болғандықтан ол маған әке орнына әке, ана орнына ана болды. Олардың жоқтығын байқатпады. Ешкімнен кем қылмай өсірді. Мені ойлап жүріп тұрмысқа да кеш шықты. Тұрмысқа шыққанан кейін де менен алыстаған емес. Жездем мен әпкемнің қолында бірге тұрдым. Олар мені оқытып-тоқытып, құтты орныма да қонғызды. Бірақ отбасын құрғандарына 4-5 жыл өтсе де балалары болмады. Жездемнің де табысы жақсы еді. Бір сәбилі болу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Алайда жаратқан оларға бір перзент нәсіп етпеді.
Осылайша, уақыт жылжып өтіп жатты. Олар бір-бірін қатты жақсы көргендіктен ешқашан ажырасу жайлы әңгіме қозғаған емес.
Бір күні жездем мен әпкеме жездем жақтың үлкендері інісінің бір баласын асырап алуды айтқан. Егер бала асырап алып, оған мейірімдерін төксе, өздері де кешікпей балалы болып қалу мүмкіндігін жеткізген. Қазақ халқында осындай ерекше дәстүр бар екенін түсіндірген. Әпкем мен жездем көп ойланып жатпай-ақ бірден келісімдерін берген. Сол кезде жездемнің інісінің әйелі алтыншы қызын дүниеге алып келген. Олар да ешқандай қарсылық танытпай-ақ балаларын аға-жеңгесінің бауырына салып берді. Осы кездің бәріне өзім куәмін. Ол қызымыз ханшайымдай болып өсті.
Ата-анасы одан ештеңесін аяған емес. Барлық жылы-жұмсағын алдына төседі. Не киемін, не ішемін демеді. Бір сөзін екі қайталатпайтын. Не қалайды соны алып берді. Өйткені сонша уақыт бір балалы болуды армандап жүрген жездем мен әпкем оны өздері туғандай жақсы көрді.
Әрине, салтқа сай әпкем бала асырап алғаннан кейін де көтермеді. Бұл енді тағдырдың жазмышы шығар. Бірақ олар бала асырап алғаннан кейін бар өмірін сол баласына арнады. Тіпті, жоғары оқу орнының екінші курсына өткен кезінде сол қуансын деп оған машина да алып берді. Тамақтың дәмдісін жегізді, киімнің әдемісін кигізді. Осының барлығына мен куә болдым.
Бір күні олардың сондай айрандай ұйыған, бақытқа толы шаңырағы аузына сөз тоқтамайтын ақылсыздардың кесірінен шайқаларын кім білсін?
Бір күні әпкем мен жездем қыздарын алып, жездемнің ауылына қыдырып барады. Демалыстарын алған, асықпай бір апта болып қайтуды жоспарлап кетті. Бір апта өткенен кейін жездем мен әпкем қайтып келді. Қыздарының қайда екенін сұрағанымда тағы бірнеше күн қалғысы келгенін айтты. «Екі-үш күннен кейін барып алып қайтамыз» деді. Бірақ сол күні кештен бас-тап қыздары телефон көтермейді. Мүлдем сөйлеспейді. Ата-анасына енді қайтып оларға бармайтынын айтады. Мұны естіген екеуінде жан қалмады. Бірден тағы да жолға шығып кетті. Міне, осы кезден бас-тап олардың шаңырағының шырқы бұзылды.
Ауылға қыздарын алып кетуге барған кезде ол енді қайтып олармен бірге ешқайда бармайтынын айтқан. «Мен сендердің қыздарың емес екенмін, мені асырап алыпсыңдар, өз ата-анамнан айырдыңдар» деген сияқты сөздер айтып шалқалап жатып алған. Қанша түсіндіргісі келсе де, ол мүлдем тыңдамаған. Бірақ әпке-жездем қыздарын күшпен үйіне алып келген.
Арада қаншама уақыт өтті. Қыз қалпына келмеді. Үнемі ата-анасын кінәлап, бөлмесінен шығуды қойды. Тамақ жемейді, су ішпейді. Ата-анасы қатты уайымдады. Әпкем күнде жылайды. Ақыры болмаған соң қызды өз отбасына қайтарсақ бақытты болар деп ойлады. Осылайша оған туған ата-анасына баруды айтты. Өздері қаламаса да қыздарының амандығы үшін, соның денсаулығы үшін осы қадамға барды. Алайда қыз үйіне барғысы келмеді. Сол күні түнде бөлмесінде асылып қалыпты. Бұл қаза әпкемдерге өте ауыр тиді. Содан бері 5 жыл өтсе де әпкемнің көзінен жас кетпейді. Денсаулығы құрыды. Бәріне өзін кінәлай береді. Ал, мен оған әпкемді кінәлай алмаймын. Бұл жерде кезінде қызға қалай болсын, солай шындықты айтқан адамдар кінәлі. Ойланбай істеген әрекеттері жап-жас қыздың қыршынынан қиылуына әкеліп соқты. Кім білсін, оған шындықты қалай жеткізгендеріне?!
Ата-анасы қайтарда қызға қал да қал деп жүріп қалдырған. Содан кейін қалай болсын солай, соңын ойланбай шындықты айтқан. Міне, сондай ақымақ әрекеттің ақыры неге апарып соқты? Ойласам әлі күнге жүрегім ауырады. Жаным сыздайды. Ойланбай айтқан бір ауыз сөз бақытты отбасының күлін көкке ұшырды. Қыздың артында туған ата-анасы еңіреп қалмады. Көріп жүрміз оларды да. Оның артынан бағып-қаққан ата-анасы еңіреп қалды. Солар ауру болды. Солардың жанына өшпестпей жара қалды.
Өздері сонша баланы бағып-қаға алмай отырғанда бір баласының бақытты болуын көре алмаған адамдарды ата-ана деп айтуға аузым бармайды.
Осы оқиғадан менің түсінгенім – бала асырап алғысы келген адамдар баланы ешқашан туысқандардан алмау керек екен. Одан да ешкімі жоқ, балалар үйінде тастанды болып қалған қаншама қара көздер бар. Соларды асырап алған әлдеқайда дұрыс. Менің осыған көзім жетті.
Не бала ес біле келе оны кімнен алғанын қалай алғанын психолог кеңесіне жүгіне отырып айтып қойған дұрыс екен.
Мен тек әпкеме күйінем. Соның өмірінің күл-талқан болғанына жылаймын. Ол өмірде барлық жақсыға лайық адам. Ешқашан ешкімді ренжіткен емес, біреудің ала жібін аттамаған. Неге осындай адамдар қатыгездікке душар болып, нағыз жазаға лайықты адамдар жапа шекпейді?

Жүрегі ақ, ниеті таза адамдар неге әділетсіздікке душар болады?

Бұл хатты жазудағы себебім, адамдар әрбір сөзді айтпас бұрын, әрбір әрекетке бармас бұрын соңын ойланыңдар. Сіздің аузыңыздан шыққан бір ауыз сөз бір отбасының соңы болуы әбден мүмкін. Сіздің ойланбай жасаған әрекетіңіз өмір бойы өкінішіңізге айналмауына кім кепіл? Сондықтан да әр қадамыңызды ойлап басыңыз. Менің әпкемнің басынан өткен оқиғасы маған осыны үйретті. Мен де сіздермен бөліскім келді.

ЖАНЕРКЕ ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №26, 26 маусым 2019 ж